Абай облысында банкроттық рәсімін пайдаланғандар саны 2,4 мыңнан асты

Абай облысында банкроттық рәсімін пайдаланғандар саны 2,4 мыңнан асты

Жеке тұлғалардың банкроттығы институты іске қосылғаннан бері Абай облысының тұрғындары соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысу үшін 12,5 мыңнан астам өтініш берген. Бүгінде олардың 2,4 мыңнан астамы банкрот деп танылған. Қарыздарды есептен шығару тетіктері, статистика және заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Ұлан Бәкіров баяндады.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қарыз міндеттемелерін реттеудің үш тетігін қарастырады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл ретте банкроттық рәсімін тек борышкердің өзі ғана бастай алады, ал кредиторлардың азаматты өз бетінше банкрот деп тануға құқығы жоқ.

Ұлан Бәкіровтің айтуынша, ең көп қолданылатын тетік – соттан тыс банкроттық.

– Соттан тыс банкроттық банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі бар азаматтарға арналған. Қазіргі таңда бұл рәсім едәуір жеңілдетілді. Енді азаматтар тек банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздары бойынша ғана емес, сондай-ақ қаржы ұйымы болып саналмайтын, бірақ банк және микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша талап ету құқығына ие мекемелер алдындағы берешектері бойынша да өтініш бере алады, – деді ол.

Спикердің айтуынша, рәсімді қолдану үшін бірқатар талаптар сақталуы тиіс.

– Қарыз сомасы 1600 АЕК-тен (6,92 млн теңге) аспауы керек, борышкердің меншігінде мүлкі болмауы қажет және міндеттемелер кемінде 12 ай бойы өтелмеген болуы тиіс. Сонымен қатар, заңнамада азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен бес жылдан астам уақыт бойы қарызын өтемеген азаматтар өтініштерін жеңілдетілген тәртіппен қарата алады, – деп атап өтті Ұлан Бәкіров.

Басқарма басшысы соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдеткен өзгерістерге де тоқталды.

– Енді қарызды реттеуге әрекет жасалғанын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді. Сондай-ақ 1 АЕК-тен төмен төлемдер қарызды өтеу ретінде есептелмейді. Бұдан бөлек, соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлар тізімі кеңейтіліп, таратылған немесе мемлекеттік тізілімнен шығарылған ұйымдар да енгізілді, – деп түсіндірді ол.

«Qoldau» жүйесінің мәліметінше, Абай облысында соттан тыс банкроттық рәсіміне 12 511 өтініш берілген.

Олардың ішінде 2 406 азамат банкрот деп танылған, 744 өтініш бойынша рәсім жүргізілуде, 234 өтініш қаралу үстінде, 8 738 өтініш иесіне бас тартылған, 134 өтініш қайтарылған, ал 255 рәсім тоқтатылған. Бас тартудың негізгі себептері – борышкердің мүлкінің болуы, қарыз сомасының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі және төлем мерзімінің жеткілікті деңгейде кешіктірілмеуі, – деді спикер.

Брифинг соңында Ұлан Бәкіров банкрот деп танылған азаматтар үшін туындайтын салдарларды еске салды.

– Азамат бес жыл бойы жаңа несие немесе қарыз ала алмайды, қайтадан банкроттық рәсіміне тек жеті жылдан кейін ғана жүгіне алады. Сонымен қатар оның қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақылауда болады. Бұл ретте алименттер бойынша берешек, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу міндеттемелері, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан келтірілген залалдар есептен шығарылмайды, – деп түйіндеді ол.


#Абай облысы, #банкроттық, #қаржы