Абай облысындағы балабақшалардың бірі 13 тонна шай сатып алмақ болған

Абай облысындағы балабақшалардың бірі 13 тонна шай сатып алмақ болған

Абай облысында мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында Ақсуат ауданындағы балабақшалардың бірі 13 тонна шай сатып алуды көздегені анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайты хабарлады. Агенттік ақпараты бойынша, Абай облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізген. Осылайша Ақсуат ауданындағы "Балдырған" балабақшасы 13 тонна шай сатып алуды жоспарлағаны анықталған. Кейін департаменттің араласуымен аталған тауарлардың көлемі 13 тоннадан 19 килограмға дейін төмендетіліп, 57 млн теңгеге жуық сома үнемделді. "Сондай-ақ Аягөз ауданындағы №6 мектеп әрқайсы 3 млн теңге тұратын 3 жуатын шаңсорғыш сатып алуды жоспарлаған. Алайда аталған құрылғының нарықтағы орташа бағасы 250-300 мың теңгеден аспайды. Сатып алу сомасы 900 мың теңгеге дейін төмендетілді", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ұлан Сәдуақасов. Бұл дерек департаменттің І тоқсандағы жұмыс барысы бойынша өткен брифингте хабарланды. "Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай терезе арқылы бақылау мәселесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер бізге айтарлықтай көмек көрсетеді. Олардың белсенділігінің арқасында жыл басынан бері 97 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Жалпы, І тоқсан қорытындысы бойынша үнемделген қаражат сомасы 347,4 млн теңге болды", - деді ол. 


#Абай облысы, #қаржы