Жеңіске жетелеген жігер
Тәртіп пен табандылықты серік еткен адам кез келген салада биік белестерді бағындыра алады. Мұның жарқын дәлелі – Абай гарнизонындағы 31767 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген ефрейтор Самғат Төлеуғажы. Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүрген жауынгер тек саптағы жауапкершілігімен ғана емес, татамидегі табыстарымен де ерекшеленіп келеді.

Жуырда ол Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері арасында өткен қоян-қолтық ұрыс жарысында 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қарсыластарынан айқын басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Самғаттың спортқа деген қызығушылығы 13 жасынан бастау алады. Алғашқы жаттығуларын туған ауылында бастап, спорт әлеміне қадам басуына ағасының ықпалы зор болды. Мектепті аяқтағаннан кейін Семей қаласындағы спорт колледжіне оқуға түсіп, шеберлігін шыңдауды жалғастырды.

Nomad MMA бағыты бойынша «Спорт шеберлігіне үміткер» атанған жас спортшы халықаралық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, өз шеберлігін дәлелдей білді.

Әскери қызмет барысында да спорттан қол үзбеген Самғат Төлеуғажы бос уақытын жаттығуға арнап, жауынгерлік даярлықпен қатар спорттық шеберлігін шыңдауда.
– Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Әскер мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Алдағы жоспарым – әскери борышымды абыроймен аяқтап, сүйікті ісіме оралып, жас спортшыларды тәрбиелейтін жаттықтырушы болу, – дейді ефрейтор Самғат Төлеуғажы.
Спорт пен әскери қызметті қатар алып жүрген сарбаздың табандылығы мен қажырлы еңбегі жастарға үлгі болары сөзсіз.
#Спорт, #әскери, #Абай өңірлік гарнизоны, #сарбаз