Абай облысында 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Абай облысында 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 22 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын баяндады.

«Биыл 8 желтоқсанға дейін өңірде 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 16 мыңнан астамы – тұрақты, 8 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Бұл өңір экономикасының белсенді дамуын көрсетеді. Инфрақұралымдық жобалар аясында 1 700 жұмыс орны ашылды. “10 мың еңбекке қабілетті тұрғынға 100 жұмыс орны” көрсеткіші 116,3 пайызға жетіп, нәтижесінде 9 049 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға 6 619 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды», – деді орталық директоры.

Спикердің айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспар 112,9 пайызға орындалды. Оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындары – 102%, жастар практикасы – 102%, қоғамдық жұмыстар – 120%, «Күміс жас» – 101%, «Ұрпақтар келісімшарты» – 100%. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 88 пайыз деңгейінде орындалды.

«Жыл басынан бері мемлекеттік гранттар бойынша 205 грант беріліп, жоспар толық орындалды. Бір гранттың мөлшері – 400 АЕК, жалпы көлемі – 320,5 млн теңге. Грант алушылардың басым бөлігін көпбалалы отбасылар – 113 адам, мүгедектігі бар азаматтар – 31 адам және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 39 адам құрады. Қаражат көбіне тамақ өндірісі, мал шаруашылығы, автосервис, тігін ісі, медицина және полиграфия бағыттарына бағытталды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шеңберінде 343 адам оқуға жіберілді. Оқыту жұмыс берушілердің сұранысына сай, жұмыс орнында, шалғай ауылдарда және Электрондық еңбек биржасы арқылы ұйымдастырылды. Ең сұранысқа ие мамандықтар – тракторшы, дәнекерлеуші, аспаз, кондитер және бухгалтер», – деді спикер.

Биыл шалғай ауылдарда жылжымалы оқу орталығы іске қосылып, тұрғындардың кәсіби білімге қолжетімділігі артты. Skills.enbek платформасында 2 507 адам онлайн курсты аяқтады. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 838 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Enbek.kz платформасы арқылы түйіндеме жасау, бос жұмыс орындарын қарау, электрондық шарттар жасасу және өндірістік практикадан өту мүмкіндіктері ұсынылуда.

«Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін 2025 жылға 499 квота бөлінді. Оның ішінде 244 – қандастарға, 255 – қоныс аударушыларға берілді. Жыл басынан бері 77 қоныс аударушы және 102 қандас отбасы, жалпы 508 адам қабылданды. Қоныс аударушыларға үй жалдауға субсидия, көшуге бір реттік төлем және экономикалық мобильділік сертификаттары ұсынылады. Сондай-ақ жыл басынан бері 173 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 6 744 адам қамтылды. Нәтижесінде 1 856 адам жұмысқа орналасып, 1 195 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бағытталды, 77 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Семей қаласы мен аудандарда Job Fair форматында және Еңбек күніне орай ірі жәрмеңкелер, сондай-ақ оқу орындарында 40-тан астам кездесу, семинар және ашық есік күндері ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам студент қамтылды», – деп қорытындылады Еркебұлан Тұрсын.


#Абай облысы, #Жұмыспен қамту, #Жұмысшы мамандықтары жылы