Абай облысында 5 мыңға жуық жасөспірім далалық оқу-жаттығу жиынына қатысуда
Абай облысында жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған далалық оқу-жаттығу жиыны басталды, деп хабарлайды abaidan.kz ақпарат агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін облыс орталығында 1000-нан астам 10-сынып оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен жиынның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жалпы облыс бойынша ұйымдастырылып отырған оқу-жаттығу жиынына 5 мыңға жуық жасөспірім қатысуда.

Оқу бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылған іс-шараның ашылу салтанаты 28738 әскери бөлімінде өтті. Шараға Абай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Руслан Омаров, Абай облысы білім басқармасының «Дарындылықпен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми әдістемелік «Дарын» орталығы әскери патриоттық бағытты дамыту бөлімінің басшысы Болат Құрманов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің командирлері, білім бөлімінің өкілдері мен ұстаздар қатысты.


Салтанатты жиында сөз сөйлеген Руслан Омаров мұндай далалық оқу-жаттығу жиындарының жасөспірімдер үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, әскери-патриоттық бағыттағы шаралар жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашақ Отан қорғаушыларының қалыптасуына ықпал етеді.
Жиынның ашылу рәсімінен кейін қатысушылар әскери бөлім аумағындағы арнайы дайындалған оқу орындарын аралады. Онда оқушылар мен студенттер автоматты қаруды шашып-жинау, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери қызметшілердің ас мәзірімен танысу, спорттық нормативтерді орындау кезіндегі қауіпсіздік талаптары және далалық шатырлардың жабдықталуы бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты.
Әскери қызметшілер қатысушыларға күнделікті әскери өмірдің ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат беріп, түрлі әскери дайындық элементтерін көрсетті. Мұндай жиындар жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.


