Абай облысында Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жұмысын бастады
Абай облысында Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамы алғашқы отырысын өткізіп, жұмысын ресми түрде бастады. Жиын барысында кеңес мүшелері таныстырылып, төраға мен оның орынбасарлары сайланды. Кеңестің алдағы жұмыс бағыттары да айқындалды.
Қоғамдық кеңес — азаматтардың пікірін ескеріп, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын консультативтік-кеңесші орган. Кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, партиялық құрылымдар мен қоғам белсенділері кірді.
Облыс әкімдігінде өткен алғашқы отырыста облыстық мәслихаттың төрағасы Шалқар Байбеков жаңадан сайланған кеңес мүшелерін құттықтап, қоғамдық жұмысқа табыс тіледі.
— Қоғамдық кеңестің жаңадан сайланған мүшелерін құттықтаймын. Барлық облыстық қызметтермен белсенді жұмыс істей отырып, сіздер өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, — деді Шалқар Байбеков.
Жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Алиннің айтуынша, кеңес құрамын жаңарту бойынша жарияланған конкурсқа 51 үміткер өтінім берген. Нәтижесінде 33 адам кеңес мүшелігіне өтті, ал 17 үміткер резервтік тізімге енгізілді.
Кеңес төрағасын сайлау кезінде бірауыздан қолдау тапқан Мейрамхат Айнабеков бұл қызметте жұмысын жалғастыратын болды.
— Қоғамдық кеңестің жұмысы ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы негізінде жүзеге асырылады. Бұрынғы құрам ауқымды жұмыстар атқарды. Біз осы бағытты жалғастырып, азаматтардың сеніміне ие болуға тырысамыз, — деді кеңес төрағасы.
Сондай-ақ жиында кеңес төрағасының екі орынбасары сайланды. Қоғам белсенділері Нұрлан Исаев пен Қайрат Мирашев жиналғандардың қолдауымен лауазымдарына бекітілді.

Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы кезеңде өңірдің өзекті мәселелерін талқылауға, қоғамдық бақылау жүргізуге және азаматтардың ұсыныс-пікірлерін билікке жеткізуге бағытталған нақты жұмыс жоспарларын қалыптастыруға уағдаласты.