Өңірдің саяси және қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли еліміздің және өңірдің саяси, қоғамдық өміріне белсенді қатысып, дамуына өздерінің үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарға құрмет көрсетті. Шара барысында бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, Семей медицина университетінің басқарма төрағасы - ректоры, облыстық мәслихат депутаты Алтай Дүсіпов, Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Жігітбаева және Шәкәрім университетінің Социологиялық талдау орталығының координаторы Назигүл Ғазизова «Құрмет» орденіне ие болды. Сонымен қатар бір топ азаматтарға «Ерен еңбегі үшін» медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Аймақ басшысы шараға жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, облыстың саяси және қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүргендері үшін алғысын жеткізді.
«Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы, рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы екені сөзсіз. Осынау шуақты мереке қарсаңында, еліміздің және облыстың саяси және қоғамдық өміріне белсенді қатысып, оның дамуына өздерінің үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы жинап отырмыз. 15 наурыз күні еліміздің тарихындағы маңызды саяси науқан, республикалық референдум өтті. Қазақстан халқы Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады, бірлік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрсетті. Абай облысының халқы саяси науқанға белсене қатысып, елдің жарқын болашағына деген өздерінің таңдауларын жасады. Ел болашағы айқындалатын сындарлы кезеңде азаматтық ұстаным, жауапкершілік пен қажырлы еңбек атқарған азаматтарға айрықша алғыс айтқым келеді», – деді облыс әкімі.



Референдум өңірімізде заң талаптарына сәйкес ашық және әділ өтті. Облыстағы 400 830 дауыс беру құқығы бар тұрғынның 84,02 пайызы Жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап, дауыс берді.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Конституция, #марапат, #Референдум