Абай облысында ұландықтар жаңа оқу кезеңін бастады

Абай облысында ұландықтар жаңа оқу кезеңін бастады

Абай облысында жаңа оқу кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде офицерлермен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен және сарбаздармен қысқы оқу кезеңінің алғашқы сабақтары ұйымдастырылды. Мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша алғашқы сабақты бригада командирі, полковник Айбек Исенов өткізді. Оқу кезеңінің басталуы әрбір әскери қызметші үшін маңызды сәт болып табылады, себебі осы кезеңде әрбір әскери қызметшіге теориялық және практикалық дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі.

— Бүгін қысқы оқу кезеңінің ашылуы салтанатты саптық тұрғызудан басталды. Оның барысында әскери бөлім командирі, полковник Айбек Исенов әскери қызметшілерді осы айтулы оқиғамен құттықтап, Ұлттық ұланның әрбір әскери қызметшісі үшін жауынгерлік даярлықтың маңыздылығын атап өтті. Одан кейін мемлекеттік-құқықтық дайындық және тіршілік қауіпсіздігі бойынша сабақтар ұйымдастырылды, — деп баяндады 5511 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, майор Бақтияр Утеулиев.

Жаңа оқу кезеңін  Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімі де салтанатты түрде қарсы алды. Саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүліктерді дұрыс қолдану, кез келген міндеттерді атқару кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты. Жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлер алдында атқарылар бірқатар жауапты міндеттер тұр.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі


#Абай облысы, #"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, #Ұлттық Ұлан