Абай облысында жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету және тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды.
Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли «SEMEI» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл жылу желілері әбден тозған Семей қаласына ерекше басымдық берілген. Қаланың жылу жүйесін жақсарту және алдағы жылыту маусымына тыңғылықты дайындық жүргізу мақсатында ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Атап айтқанда, жылыту маусымына дайындық аясында облыстағы 12 жылу көзінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 53,7 шақырым жылу желісі жаңартылды. Бұл шаралар жылу инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Жалпы, жылу жүйелерін жаңғырту – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, Семей қаласындағы жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде Абай облысында жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетуге және жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға негіз қаланды.




