Абай облысының әкімі: Өңірде тозығы жеткен жылу қазандықтары жаңғыртылды

Абай облысының әкімі: Өңірде тозығы жеткен жылу қазандықтары жаңғыртылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады. Абай облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету. Жылыту маусымына дайындық барысында арнайы талдау жасалып, облыс аумағында жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізілді.

Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды.

«Өздеріңізге белгілі, Аягөз қаласында да жылу тапшылығы  проблема болды. «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар, 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Курчатов қаласында, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей аудандарында 9 жылу көзінде және 4 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді» , – деді облыс әкімі.

Жалпы, жылыту маусымы облыста 29 қыркүйекте басталып, штаттық режимде өтіп жатыр. 


#Абай облысы, #жылу