Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 45 қаралымabaidan.kz

Абай облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде

Абай облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде

Абай облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Өңірде жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы кезеңге әзірлігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.

Абай облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде

Қазіргі таңда облыста орталықтандырылған жылумен үш қала мен бес аудан қамтылған. Биыл жылыту маусымына дайындық аясында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 15,8 млрд теңгеге алты жоба қолға алынған.

Әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қорының дайындығы да жоғары деңгейде. Атап айтқанда, білім беру және әлеуметтік қорғау нысандары 100 пайыз дайын болса, денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 97 пайызға жеткен. Тұрғын үйлердің 98 пайызы жылыту маусымына әзір.

Өңірдегі жылу энергетикасы жүйесінде Семей қаласының үлесі ерекше. Қалада бір жылу электр орталығы мен 20 қазандық жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олардың 18-і алдағы қысқы кезеңге толық дайын. Қалған екі қазандықтағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Абай облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде

Жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409 шақырымды құрайды, оның 325 шақырымы Семей қаласына тиесілі. Қазіргі таңда желілердің тозу деңгейі 55,6 пайызды құрайды. Биыл осы бағытта 6,4 млрд теңге бөлініп, 38 шақырым жылу желісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, алдағы жылдары апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жобалар толық іске асқаннан кейін облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейін 55,6 пайыздан 52,3 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Ал Семей қаласында бұл көрсеткіш 58,2 пайыздан 54,1 пайызға дейін азаяды.

Абай облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде

 

«Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады. Аталған жұмыстар жеке бақылауымда болады», – деді Берік Уәли.

 

Жалпы, Абай облысында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар өңірдің жылу энергетикасы нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жылу желілерін жаңарту мен қазандықтарды жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы алдағы жылыту маусымын тұрақты әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік бермек.