Абай облысындағы жолдарды жөндеуге 16 миллиард теңге қарастырылған
Жалпы, республикалық бюджеттен траншты ескере отырып, Абай облысында жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 16 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ескендіров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2023 жылы аудандық, жергілікті, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша,
биыл өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстарына жалпы 16 млрд теңге бөлінген . Оның 3,2 млрд теңгесі облыстық, ал 12,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Облыстық маңызы бар жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын 9 учаске жөндеуден өткен. Аудандық маңызы бар ұзындығы 138,2 шақырым 25 учаске орташа жөндеуден өтті. Бұл мақсатққа 5,4 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 17 жоба аяқталған. Сондай-ақ, ұзындығы 9 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жаңа қалыпқа енді. "Ауыл-ел бесігі" бағдарламасы аясында 77 шақырым елді мекеншілік көше жол желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 28 жоба бойынша жұмыстар сәтті тәмамдалды. Жалпы алғанда, барлық жоба – 30 қазанға дейін іске асады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, қала әкімдігі аспалы көпір жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаруда. Толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуі шарт. Қазіргі уақытта құжаттама дайындалуда.
- Қазір қалалық әкімдік жолдардың ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасалуда. Жалпы, қазір көпірдің жол жабындарын ауыстыру, күтіп-ұстау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін келесі жылы мердігерді анықтау үшін байқаудан соң республикалық бюджеттен қаражат қарастырылатын болады, - деді Нұржан Ескендіров.
Абай облысы бойынша "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" филиалының директоры Фурхат Джулановтың айтуынша, жол жөндеушілер жолдың сапасын жақсарту үшін үнемі жаңа технологиялық әдістерді сараптап, бақылауда.
- Біз жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды енгізуге тырысамыз. Осы мақсатта биыл біздің әріптестеріміз Еуропа елдеріне іс-сапармен барып, бақылап қайтты. Автомобиль жолдары жөндеу сапасын арттыру бойынша Қытай елінен тәжірибе алмасуға меморандумға қол қойылды. Айта кетелік, бүгінде асфальтты жөндеу кезінде қолданылатын барлық материалдарға мониторинг жүргізетін портал бар, - деп қортындылады Фурхат Джуланов.
Ағымдағы жылы Чайковский, Шугаев, Докучаев, Ибраев және Абай көшелеріндегі тротуарлар жөнделді.
#Семей, #Абай облысы, #жол, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"