«Абайға құрмет» акциясы: өңірлердің бірлігі – облыс дамуына үлес
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға әлеуметтік, мәдени және білім беру бағытындағы бір-бір нысаннан салып беруді қолға алды. Бұл бастама ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба саналады. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының тұрғындарымен өткен кездесуде айтты,- деп хабарлайды abaidan.kz/ ақпараттық агенттігі.
Аталған нысандардың басым бөлігі облыста салынып жатқан жаңа тұрғын ауданында бой көтермек. Қазіргі уақытта 15 өңір мен республикалық маңызы бар қалалар тиісті жобалық жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы «Достық» үйінің құрылысын қолға алса, Түркістан облысы заманауи Көрме орталығын салуды жоспарлап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі кешенін бой көтертпек. Атырау облысы «Абай әлемі» кітапханасын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Қостанай облысы Руханият орталығын салу бойынша жобалау жұмыстарын жүргізуде,-дейді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы Ботаникалық саябақтың құрылысын жүзеге асыруды көздесе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды жоспарлап отыр.
Республикалық маңызы бар қалалар да бастамаға белсенді атсалысуда. Астана қаласы «Келешек» мектебін, Алматы қаласы заманауи медиа орталығын, ал Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын салуға бағытталған жобалық жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асырылатын бұл нысандар өңірдің әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттырып, жаңа тұрғын ауданын жан-жақты дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, жоба өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.
#Абай облысы, #Акция, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл