Аягөздегі әлеуметтік үйлер сапасыз салынған: Тұрғындар Мәжіліс депутатына шағымданды
Қыста суық, көктемде су кіреді, қабырғалары жарылған, - Аягөздік тұрғындар Мәжіліс депутатына шағымдарын жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Аягөз қаласындағы Еткомбинаты шағын ауданында салынған әлеуметтік үйлерді барып көріп, тұрғындармен кездесті.
Тұрғындар әлеуметтік үйлердің сапасыз салынғанына шағымданды. Мұндағы үйлер 2020, 2021,2022 жылдары пайдалануға берілген. Тұрғындардың айтуынша, сапасыз салынғандықтан үйлердің қабырғалары жарылып, іргетасы отырып кеткен. Көктемде үй ішіне су кіреді. Қыста суық. Баспаналарды көріп шыққан Мәжіліс депутаты 1 шілдеден бастап, тұрғындарға жекешелендіру құқығы берілетіндігін айтты.
Ол туралы депутат бұған дейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын. Онда Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобында бұл мәселенің жан-жақты қаралғаны және оны Үкіметтің қолдап,оң қорытындысын бергені туралы айтылған.
- «Мемлекет меншігіндегі мұндай пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына берілген. Адамдардың оны жеке меншікке сатып алуға, жекешелендіруге құқығы болмаған еді. Ал, енді жекешелендіруге рұқсат етілген соң, азаматтар жалға берілген пәтерді жеке меншігіне ала алады»,-делінген Мәжілісменнің әлеуметтік желідегі парақшасында.