Айдар Садырбаев «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Айдар Садырбаев «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Абай облысында «AMANAT» партиясы филиалының кезектен тыс XI конференциясы өтті. Жиын барысында партияның облыстық филиалына жаңа төраға сайланып, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Конференцияның ашық дауыс беру нәтижесінде Айдар Садырбаев Абай облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбек, облыстық және аумақтық филиалдардың жетекшілері мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, мәслихат депутаттары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Конференцияда Абай облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі Шағангүл Жанаева 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев партия қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады. Оның айтуынша, орындалған талап-тілектерге тұрақты мониторинг жүргізіліп, оң нәтижелер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуы тиіс. Сонымен қатар, депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында нақты шаралар қабылданғаны айтылды.

«Халық сенімін ақтамаған, өз міндетіне немқұрайлы қараған бірқатар мәслихат депутаттарының мандаттары қайтарылды. Нақты айтқанда, 11 депутаттың мандаты тоқтатылып, 26 депутатқа сөгіс жарияланды. Бұл — тек жазалау емес, жауапкершілікті арттыруға бағытталған қадам», — деді Ержан Жылқыбаев.

Сондай-ақ, «Жер аманаты» жобасының нәтижелері туралы баяндалды. Аталған жоба аясында республика бойынша 13,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Абай облысы бойынша бұл көрсеткіш – 550 мың гектар. Партия өкілі жерді заңсыз иемденгендермен күрес барысында адал еңбек етіп отырған шаруаларға қысым көрсетілмеуі керектігін баса айтты. Қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында іске асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында екі жыл ішінде 850 мың адам оқудан өтті. Абай облысында бұл жоба бойынша 9 мыңға жуық азамат білім алған. Осы саладағы мәселелерді шешу үшін парламенттік тыңдаулар өткізіліп, тиісті заңдар қабылданғаны да айтылды.

Конференция қорытындысында партия алдына қойылған жаңа міндеттер нақтыланып, аймақтық деңгейде тиімді жұмыс жүргізуге бағытталған шешімдер қабылданды.


#Семей, #Абай облысы, #АМАНАТ партиясы