Аймақ басшысы Семейдегі құрылыс жұмыстарын тексерді
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қала ішіндегі өзінің кезекті жұмыс сапарын Бейбітшілік аралынан бастап, жұмысы аяқталуға жақын теміржол құрылысын көрді. Ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жаңа желіде үш вагон мен бір тепловоз қызмет көрсетеді. Пойызда 32 орын бар, сыйымдылығы 70 адамға дейін жетеді.
Дәл осы аралға әр беріп тұрғанның бірі - этноауыл. Аймақ абаттандырылуда. Қазірдің өзінде туристік ақпарат орталығы мен кәдесыйлар дүкені, сондай-ақ дәмхана, үш киіз үй және балалар ойын алаңы орнатылды. Сондай-ақ Абай облысының туризм және демалыс индустриясы қауымдастығы этноауыл аймағында жаңа павильондар орнату үшін түрлі этномәдени бірлестіктермен келіссөздер жүргізуде.
Аймақ басшысы одан әрі құрылысы тоқтаусыз жүріп жатқан «Дәрігерлер» скверіне барды. Қазір бұл жерде тас төсеніштер төселуде. Шамамен 3000 шаршы метрден асатын аумақта жұмыс орындалды. Мердігер скверге қайың, сібір шыршасы, тал, бөріқарақат, шырша, арша көшеттерін отырғызды. Ендігі кезекте 50 түп алма ағашының көшеті егіледі.
«Тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасау үшін салынып жатқан сквердің ашылуына аз уақыт қалды. Қаламыздың көркі болатын қоғамдық кеңістіктердің көбейгені жақсы. Ендігі міндет – барды бағалап, күтіп ұстау. Бұған қала тұрғандары да бей-жай қарамайды деп ойлаймын. Біз бірлесе жұмыс істеген кезде ғана Семейді көрікті ете аламыз», – деді аймақ басшысы.
Облыс орталығындағы ірі нысандардың бірі жабық футбол манежі болмақ. Бас мердігер «Шаңырақ.KZT» ЖШС монолитті қабырғаларды бетондау жұмыстарын аяқтады. Аумағы 9 120 шаршы метр футбол алаңына арналған жасанды жабын толығымен төселді. Құрылыс алаңында монтаждаушылар бригадасы жұмыс жасауда. Манежге қажетті жабдықтар алдағы уақытта жеткізіледі. Манеж пайдалануға берілісімен 1 мың бала футболдың қыр-сырын үйрететін болады.
Облыс әкімі сондай-ақ блок-модульдік қазандық, Қарағайлы ауданындағы 1200 орындық жаңа мектеп пен аталған ауданда салынып жатқан айналма жолдың құрылыс барысымен танысты.