Баспана сатып алуға жаңа мүмкіндіктер ашылды
Халықты баспанмен қамтудың мемлекеттік "Отау" бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында " Отбасы банк" АҚ Абай облыстық филиалының бөлім басшысы Арман Абишев баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.
- Бағдарлама жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды және Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Ең үнемшіл салымшылардың төмен пайыздық мөлшерлемесі бойынша заем алу мүмкіндігі бар. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Арман Абишев.
Жаңа бағдарламаға Отбасы банк салымшылары , оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 18-63 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады.
- Үміткерлердің жинақ шоты ең кемі 18 ай және депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы керек. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде баспана болса, Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда тұрақты тіркеу болмаса бағдарламаға қатыса алмайды. Аталмыш қалаларда заемның ең жоғары сомасы 30 млн теңге, қалған өңірлерде 18 млн теңгеге дейін қамтылған, - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, ұпай саны салым бойынша сыйақы мөлшері үшін, салым мерзімі үшін, тіркелген некенің болуы үшін, балалардың болуы үшін есептеледі. Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Тізімдегі салымшылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады, ол алты айға созылады. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысушы тұрғын үй тауып, несие алып, тұрғын үй алаңын сатып алуы тиіс.
- Қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет тұрғын үй бағасының жасанды өсіп кетпеуін қадағалайды. Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын, тұрғын үйдің нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтетін боладын. Алғашқы жарна 20% мөлшермен болса, кредит бойынша мөлшерлеме 9% құрайды. Несие мерзімі 19 жылға дейін, ал жалпы бағдарлама 7 жылға дейін негізделген, - деп қорытындылады бөлім басшысы Арман Абишев.