Бородулиха ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалды
Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі жыл соңына дейін инвестиция тарту жоспарларының іске асырылып жатқанын және ауданның даму көрсеткіштерінің тұрақты өсуін атап өтті.
- Ауданға инвестиция тарту бойынша биылғы жылға қойылған жоспарлар өз мерзімінде іске асырылуда. Жыл соңына дейін инвестиция тарту көлемін 61 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Қазіргі уақытта 31 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Бородулиха ауданында 453 ЖШС және шаруа қожалықтары жұмыс істеп жатыр, олардың барлығы аудан әкімдігіне тіркеліп, арнайы есеп береді. Сонымен қатар, аудан аумағында ет және сүт өңдейтін зауыттар, Жезкентте ірі тау-кен өндіру кәсіпорны табысты жұмыс атқаруда, - деді Айдар Ибраев.
Баспасөз конференциясында көтерілген тағы бір мәселе — жас спортшылар үшін спорт алаңдарының жетіспеушілігі болды. Спикер келесі жылы Коростели ауылында жаңа спорт клубы ашылатынын мәлімдеді.
- Спортшыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Жетістіктерімізде жетерлік. Әрине халықпен кездесуде спорт мәселесі көтерілді. Ауданымызда спортзал тапшылығы бар. Келесі жылы біз, Коростели ауылындағы клуб ғимаратын қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұрын ғимаратта кинотеатр болған. Енді, кинозалдың орнына ғимаратта балалар айналысатын спорт залы болмақ, - деп атап өтті аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласында да көрсеткіштер жоғары. Жыл сайын ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін субсидиялау сомасы артып келеді.
- Бородулиха ауданында егіс алаңы 356 мың гектарды құрайды. Егістік жерлер жасанды суарусыз, яғни аудан аумағында тамшылатып суару жүйесі жоқ. Дегенмен, жыл сайын ауыл шаруашылығын субсидиялау сомасы артып келеді, - деді Айдар Ибраев.
Сондай-ақ, спикер Бородулиха ауданында жылумен және сумен жабдықтау объектілерінің құрылыстары да жүргізіліп жатқанын жеткізді.
- Новая Шульба ауылындағы блочно-модульдік қазандықтың жұмыстары аяқталуға жақын. Осы ауылдағы жылу желілерін салу бойынша келісімшарт екі жылдық мерзімге өзгертіліп, жұмыстардың 70-80% орындалған. Березовка ауылындағы ішкі су құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталуға жақын, ұзындығы 3,8 км. – деп қорытындылады спикер.
#Абай облысы, #Бородулиха ауданы