Cуға кеткен жасөспірімді құтқарған дәрігер марапатталды

Cуға кеткен жасөспірімді құтқарған дәрігер марапатталды

Абай облысы Төтенше жағдайлар Департаментінде суға кеткен жасөспірімді құтқарған дәрігер «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды,-деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап abaidan.kz тілшісі.  Ведомствоның мәліметінше, ағымдағы жылдың 13 шілдесінде қаланың Затон ауданы бөлігіндегі Ертіс өзенінің жағасында балаларымен демалып жатқан Айнұр Садырбалина көмекке шақырған дауыстарды естиді.  Ол шоғырланған адамдар тұрған жерге қарай дереу көмекке ұмтылады. Оқиға орнында жерде жатқан жасөспірім мен оған алғашқы көмек көрсетпек болған ер адамды көреді. Көрсетіліп жатқан көмекке қарамастан, жасөспірім ес-түссіз жатқан, оның дене терісі көкшіл реңк тартып, тынысы тоқатаған екен. Әлпетінен суға батқан адамның барлық белгілері байқалған. Осы сәтте Айнұр бірден реанимациялауға кіріскен. Кейін белгілі болғандай, Айнұр Садырбалина мамандығы бойынша дәрігер болып шыққан. Білікті маманның жүрек-өкпе реанимациясын шебер атқарғанының  арқасында жасөспірім есін жиып, анасына, сондай-ақ көмекке келген жедел жәрдемге тапсырылған. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің қасында оның кәмелетке толмаған ағалары да суда бірге түсіп жүрген. Олар суда өзара ойнап жүріп, інілерінің суға батып кете жаздағанын байқамай қалған. Оны жақын маңда суға түсіп жүрген бала кездейсоқ байқаған. Үлкендер оны жағаға алып шыққанда, жасөспірім ес-түссіз болған. Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. 1 қыркүйекте өз құрбыларымен бірге оқушы Ерасыл төртінші сыныпта білім алу үшін мектебіне жол тартты.

Кәмелетке толмаған баланы құтқару кезінде көрсеткен сауатты іс-әрекеттері мен ерлігі үшін Департамент басшысы Манарбек Шапағатов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің тапсырмасымен Конституция күнін мерекелеу қарсаңында «IVP Plus» емханасының офтальмолог-дәрігері  Айнұр Жұмабекқызы Садырбалинаны «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» естелік медалімен салтанатты түрде марапаттады.  

 


#Дәрігер, #Абай облысы, #Жасөспірім, #ТЖД, #су