Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тачэн қаласында 16–18 қыркүйек аралығында «Бақты – 2026» халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға мемлекеттік органдардың, іскерлік орта мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, шетелдік делегациялар қатысуда.

Орталық Азия елдерімен мәдени алмасу орталығында өтіп жатқан форумның негізгі тақырыбы – Еуразия елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, трансшекаралық логистика мен көлік байланыстарын дамыту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Форумға Абай облысының делегациясы да қатысып жатыр. Делегация құрамында тиісті басқарма өкілдері, шекаралық аймақтағы аудандардың әкімдері бар. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған негізгі сессияға, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен іскерлік кездесулерге қатысады.

Бүгін форумның ресми ашылу салтанаты мен негізгі сессиясы өтті. Бағдарлама аясында Тарбағатай аймағы басшылығы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының сауда саласына жауапты органдары, шетелдік делегациялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ, ынтымақтастық жобалары бойынша келісімдерге қол қою қарастырылған. Іскерлік бағдарламада «Бақты» шекара өткізу бекетінің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылар шекаралық сауданы кеңейту, жүк тасымалы мен логистикалық мүмкіндіктерді арттыру, инвестиция тарту және трансшекаралық өндірістік кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.



«Бақты» шекара өткізу бекетінің әлеуетін арттыру Абай облысы үшін маңызды. Шекаралық инфрақұрылымды дамыту тауар айналымы мен жүк тасымалын ұлғайтуға, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және екі ел өңірлері арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.





