Елордада сайланған әкімдер форумы өтеді

Елордада сайланған әкімдер форумы өтеді

Ертең елордада сайланған әкімдер форумы өтеді. Бұл туралы SARAP сарапшылық клубының отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты.-деп хабарлайды kaz.inform.kz сілтеме жасап, abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

- Мемлекеттік идеология дегенде көп адам негізінен кеңес заманында болған дүниені еске алады. Мектепте жаттап алып, емтихан тапсыратын. Ондай нәрсе емес және ондай нәрсе болуы да мүмкін емес сияқты. Шынын айтсам, болғанын қаламаймын. Өйткені жатталатын, емтихан тапсыратын, дамымайтын, догматикалық дүниелер қоғамды, адамды, әсіресе ғылым саласын тығырыққа тірейтіні анық. Мұның сыртында жергілікті немесе аймақтық, салалық мәселелерді дамытуға болады. Бірақ, қазірдің өзінде ішкі саясат саласында жиналыстар өтіп, жұмысымызға қалай енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Ертең Астанада Президент қатысатын сайланған әкімдердің үлкен форумы өтіп, оған 2 мыңнан астам қатысады. Онда да көп дүние айтылады, - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметте 100 мың адам жұмыс істейді.

- Бәріміз істеп жүрген жұмысымызға сенеміз бе, сенбейміз бе? Біздегі өтірік дүниенің бірі осы 20-30 жылдың ішінде мемлекеттің қауқарына, мемлекетімізге деген сенімнен айырып қалған сияқтымыз. Не істесек те «ой қойшы, құрып кетсінші, тағы да бірдеңе болып қалады» деп сенбей жатамыз. 90 жылдары мемлекеттік қызметте істеген адамдар біледі. Мықты бір вайб, мықты бір драйв болатын. Күні-түні жұмыста болатынбыз, қонатынбыз. Енді осыған ақырындап келсек... 100 мың қызметкердің 100 туысқаны бар. Күніне кемінде 2 такси жүргізушісімен кездесеміз. Тағы да адамдар келіп жатады. Соларға өзіміз істеп жатқан жұмысты түсіндіре алмасақ, онда бұл саясат жүрмейді. Ұлы ғалымдардың «шын ғалым өзінің немен айналысып жатқанын 5 жасар балаға ұғындыра алмаса, онда ол ғалым емес, алаяқ» деген екен. Мемлекетік қызметкерлерге де осы қатысты. Біз немен айналысып жатқанымызды ағайынымызға, жұртқа түсіндіріп айта алмасақ, онда біздікі де алаяқтық. Шындап келгенде өзімізге-өзіміздің сенбегеніміз жұмысты шала-жансар атқарғанымыздың көрінісі, - деді Айдос Сарым.


#сайлау, #форум