Елордалық әуежай уақытша жабылу күндерін жариялады
Елордалық әуежай жұмыс уақытында ұшу-қону жолағының жабылу күндерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Астана халықаралық әуежайының қызметкерлері ұшу-қону жолағын резеңке қалдығынан тазартады. Жұмыстар азаматтық авиациядағы әуеайлақты қамтамасыз ету қағидалары шеңберінде орындалатын болады.
Ережеге сәйкес, әуеайлақ қызметінің мамандары жылына екі рет ұшу-қону жолағындағы резеңке қалдықтарын алып тастауға міндетті. Мұндай жұмыстарды орындау ҰҚЖ-ны кем дегенде 4 сағатқа жабуды талап етеді.
Сонымен қатар, ұшу-қону ең аз орындалатын күндер алдын-ала анықталды. Бұл - 31 мамыр мен 7 маусым күндері сағат 13:20-дан 17:20-ға дейінгі уақыт.
Айтпақшы, резеңке қабаттарын кетіру жұмыстары арнайы сұйықтық пен щетка арқылы жүзеге асырылады. Резеңке қабаттарын алып тастау әуежайларда жоспарлы жұмыстар болып табылады және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орындалады.