Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр
Соңғы 5 жылда елде жеңіл өнеркәсіп саласында 3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 40-тан астам жоба іске қосылды. Саланың дамуы туралы толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков айтып берді,-деп хабарлайды abaidan.kz KAZINFORM-ға сілтеме жасап.
- Жеңіл өнеркәсіп саласы – халықты жұмыспен қамтуға және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін экономиканың маңызды салаларының бірі. Көптеген қиындыққа қарамастан, бұл сала дамуын жалғастырып, экономикалық және әлеуметтік үдерістерге үлесін қосып келеді, - деді Мұхамед Андаков елордада өткен жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына арналған ІІ съезінде.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты — шикізаттық даму моделінен ішкі өндірісті арттыруға көшу.

- Аталған мақсат – инвестиция тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шараларды орындау арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жүйелі жұмыстың сабақтастығын қамтамасыз ету және жалғастыру мақсатында қазір Қазақстан Республикасының 2026 - 2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспары әзірленіп жатыр, - деп толықтырды ол.
Сондай-ақ спикер соңғы 5 жылда елде жеңіл өнеркәсіп саласында 3 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 40-тан астам жоба іске қосылғанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылады.

Бүгін елордада Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына арналған ІІ съезі өтті.