Ерікті тәуелсіз сертификаттау енгізіледі
Кәсіптік біліктілік туралы» заң аясында ерікті тәуелсіз сертификаттау енгізіледі. Бұл, туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айттв, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңбек нарығындағы мықты бәсекелестік жағдайында біздің кез келгеніміз жаңа дағдыларды үйреніп, басқа мамандықтарды да игеріп отырумыз қажет, өйткені көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл бойы сақталады. Сондықтан енгізіліп жатқан жүйе жаңа жұмысқа орналасу және іздестіру кезінде «катализаторға» айналады және бірінші кезекте түлектерге көмектеседі», – деді Ордабаев.
Оның айтуынша, тәуелсіз сертификаттау жүйесі әрбір маманға өз құзыреттерін нақты бағалауға, сол сияқты өз білімдерін, шеберлігі мен дағдыларын құжат түрінде растауға мүмкіндік береді.
«Бұл ретте формальды және баламалы білім беру процесінде алынған құзыреттер бағаланатын болады. Ал тиісті біліктілікті растау нәтижесінде алынған сертификат дипломмен қатар жұмысқа қабылдау кезінде, атап айтқанда жұмысшы кәсіптері бойынша негізгі құжатқа айналады», – деп атап өтті вице-министр.
Өз кезегінде, жұмыс беруші үшін сертификатталған қызметкерді жұмысқа қабылдау тиімді кадрлық жоспарлауда дұрыс шешім болады. Өйткені мұндай қызметкер қосымша «қайта даярлауды» талап етпейді.