Фото арқылы бедел жинау: қоғамдағы жасанды мәртебе синдромы
Көптен бері көкейімде жүрген бір ой бар еді. Сәті түсіп, қағазға түсіріп отырмын. Технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда суретке түсу бұрынғыдай таңсық дүние емес. Қазір кез келген адам қалтасынан телефонын шығарып, қалаған сәтін таспаға түсіре алады. Бұл – қалыпты құбылыс. Алайда соңғы жылдары әлеуметтік желілерде кең таралған бір үрдіс ойландырмай қоймайды. Ол – танымал әншілермен, әртістермен немесе лауазымды тұлғалармен түскен суреттерді ерекше мақтанышпен жариялау. Әрине, жеке архив үшін немесе қызмет барысында, марапаттау рәсімдері мен ресми кездесулерде түскен суреттердің жөні бөлек. Ал кез келген жерде белгілі адамдарды тоқтатып, мазасын алып, қалайда бір кадрға түсіп қалуға ұмтылу сырт көзге оғаш көрінеді. Әлеуметтік желілер дәуірінде мұндай фотоларды жариялау үйреншікті құбылысқа айналды. Біреулер оны естелік ретінде қабылдаса, енді біреулер әлеуметтік мәртебесін көрсетудің құралы санайды. Әлеуметтік ғылымдар тұрғысынан қарасақ, мұның астарында адамның қоғамдағы орнын айқындауға, өзіне назар аудартуға деген ұмтылысы жатыр. Канадалық әлеуметтанушы әрі философ Маршалл Маклюэннің «Құралдың өзі – хабар» деген әйгілі тұжырымы бар. Бүгінгі әлеуметтік желілердегі фото да жай ғана сурет емес. Оның астарында белгілі бір хабар жатады. Кейде адам сурет арқылы өзінің кім екенін емес, кімдермен араласатынын көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, белгілі адаммен бір кадрға түсу адамға не береді? Естелік ретінде суретке түсудің еш әбестігі жоқ. Бірақ сол суретті көпшілікке жариялап, оны өз беделінің дәлеліндей көрсету нені білдіреді? Танымал өнер иесінің қасында тұрғаның үшін сен де танымал болып кетпейсің. Оның жетістігі де, еңбегі де саған көшпейді. Көп жағдайда мұның астарында «беделге жақын болу арқылы өзіңді маңызды көрсету» психологиясы жатады. Кей адамдар нақты жетістігімен емес, белгілі тұлғалармен байланысы бардай әсер қалдыру арқылы өзгелердің назарын аударғысы келеді. Бұл – жеке жетістіктен гөрі сыртқы әсерге көбірек мән беретін көзқарастың көрінісі. Ал лауазымды тұлғалармен түскен суреттердің жағдайы тіпті қызық. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, әлдебір шенеунікпен немесе жоғары қызмет иесімен түскен фотосын жариялап, оны мәртебе ретінде көрсететіндерді жиі кездестіруге болады. Кейде мұндай суреттер «мен оны танимын», «менің байланыстарым мықты» деген астарлы белгі іспетті қабылданады. Бұл белгілі бір деңгейде ықпал көрсетуге талпынысты аңғартады. Бірақ өмірдің заңы бірқалыпты емес. Бүгін құрметтің төрінде отырған адам ертең түрлі дауға немесе қылмыстық іске ілігіп жатуы мүмкін. Мұндай мысалдар аз емес. Сондай кезде кеше ғана бірге түскен суреттерін жарыса жариялағандардың көбі көзден ғайып болады. Кейбірі бұрынғы жазбаларын өшіріп, әлгі адамды мүлде танымайтындай кейіп танытады. Бұл құбылыс адамның берік ұстанымынан гөрі жағдайға қарай құбылатын көзқарасты аңғартатындай. Негізінде адамның абыройын кіммен суретке түскені емес, қандай іс атқарғаны анықтайды. Қоғамға пайда әкелген еңбек, кәсіби жетістік, азаматтық ұстаным – мақтануға тұрарлық дүниелер. Ал біреудің атағы мен лауазымын өз беделіңе пайдалану ұзаққа бармайтын жасанды әсер ғана. Әлеуметтік желі дәуірінде адамдардың өзін көрсетуге деген ұмтылысы түсінікті. Дегенмен әр жарияланымның астарында қандай мақсат жатқанын әркім өзінен сұрап көргені жөн. Егер сурет жай ғана естелік болса, оған ешкімнің дауы жоқ. Оны жеке архивіңде сақта. Ал егер ол өзгелерге ықпал ету, өзін жоғары көрсету немесе белгілі бір ортаға жақындығын дәлелдеу құралына айналса, онда бұл қоғамдағы құндылықтар жүйесі туралы ойлануға мәжбүрлейді. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дейді. Бұл әр адамның қоғамдағы орнын өз еңбегімен табуы керектігін білдіреді. Адамның қадірін кіммен суретке түскені емес, қоғамға қандай із қалдырғаны анықтайды. Фото – бір сәттің көрінісі ғана. Ал абырой – өмір бойғы еңбектің жемісі.
#қоғам, #фото, #әлеуметтік желі