Қала әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен маңызды мәселелерді талқылады

Қала әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен маңызды мәселелерді талқылады

Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов қоғамдық кеңес мүшелерімен шаһардағы өзекті деген мәселелерді талқылады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.


Жиында қаланы жарықтандыру, абаттандыру, спорт, Ауған соғысы ардагерлері мен желтоқсандықтардың жағдайы т.б. мәселелер көтерілді. Кеңес мүшелері осы саладағы жұмыстарды жетілдіру және тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етуге байланысты өз ұсыныстарын білдірді.

«Сіздерге қала дамуындағы белсенділіктеріңіз үшін алғыс айтамын. Ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз біздің жұмысымызды жақсартуға көмектесіп, тұрғындардың игілігі үшін маңызды шешімдер қабылдауға бағыт береді», - деді қала әкімі.

Қоғамдық кеңес халық пен билік арасындағы маңызды байланыстың бірі . Талғат Мұратов кеңес өкілдерінің пікірін ескеріп, диалогқа ашық екенін жеткізді.

Қоғамдық кеңестер - халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдар. Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Сол жылы Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды. 

Заңға сай, Қоғамдық кеңестер  – Қазақстан Республика­сының Пре­зи­дентіне тікелей ба­ғынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мем­ле­кет­­тік басқару органдары, квази­мем­лекеттік сектор субъектілері құ­ра­тын кон­суль­тативтік-кеңесші, бай­­­­­қау­шы органдар.

Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Заң бойынша, Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып саналады.

Бүгінде елімізде 251 Қоғамдық кеңестер жұмыс істеп жатыр. Оның 35-і республикалық деңгейдегі ұйымдар, 216-сы жергілікті деңгейдегі ұйымдар екен. Қоғамдық кеңестер құрамында қазір 3801 адам бар. Оның 402-і республикалық, 3399-ы аймақтық деңгейдегі өкілдер. 2021 жылы ква­зимемлекеттік сек­тордың 12 субъектісі жанынан Қоғамдық кеңестер ашылды.


#Семей, #Абай облысы, #Семей қаласы әкімдігі