Қазақстанда келесі жылдан бастап көлікті сақтандыру құны өзгереді

Қазақстанда келесі жылдан бастап көлікті сақтандыру құны өзгереді

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда автокөлікті міндетті сақтандыру құны өзгереді. Ол көліктің қай аймақта тіркелгеніне байланысты болмақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасап abaidan.kz.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Агенттік мәліметінше, енді сақтандыру құнына көлік құралы тіркелген өңірдегі жол апаты әсер етеді. "Өңірде жол апаты аз болған сайын сақтандыру компаниясы аздау төлем жасайды және тиісінше, сақтандыру тарифі де азырақ болуға тиіс", - делінген хабарламада. Агенттік қазір сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін айқындау кезінде жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтілі, автокөліктің түрі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің апат жасау жағдайлары (жүргізушінің тәртібі үшін жеңілдіктер немесе үстемақылар) есепке алынатынын мәлімдеді. "Автокөлікті сақтандыру құнын анықтаудың жаңа тәртібі өңірдегі апаттылық деңгейіне қарай оларға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы көлік құралы тіркелген өңірдің өлшемін түзетуді көздейді. Түзету коэффициенттері Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордағы автоматтандырылған есептеу арқылы жыл сайын айқындалады. Бұл ретте барлық қолданыстағы өзге де өлшемшарттар, оның ішінде көлік жүргізу тарихы сақталады", - деп түсіндірді мамандар. Биыл қазанда генттік 2024 жылға арналған түзету коэффициенттерін бекітті, олар көлік құралы тіркелетін әрбір өңірге қолданылады. Алдын ала болжам бойынша, еліміздің 11 өңірінде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді (мысалы, Алматы қаласында 18 пайызға, Атырау облысында 29 пайызға), 7 өңірде сақтандыру құны артады (мысалы, Астана қаласында 5 пайызға, Шымкент қаласында 9 пайызға), Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгеріссіз қалады деп жоспарланған. Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10 пайызға арттыруға немесе азайтуға құқылы. "Мұндай тәсіл автокөлікті сақтандырудың әділ құнын қамтамасыз етуге бағытталған және автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларын уақтылы жаңартып отыруға мүмкіндік береді", - деді ведомство өкілдері. 


#автокөлік, #сақтандыру