Көкпекті ауданында жағдай тұрақталды

Көкпекті ауданында жағдай тұрақталды

Бүгінде қарғын су басқан аула аумақтары мен тұрғын үйлер жоқ. Жағдай бақылауда,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жағдайды бақылау мақсатында Көкпекті ауданына барды. 

Аймақ басшысы мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, ТЖД басшылығы және аудан әкімімен бірлесіп, қазіргі жағдаймен танысу мақсатында Көкжайық, Ақой, Үлкенбөкен, Приображенка, Теректі, Шұғылбай және Тассай ауылдарының аумағын аэровизуалды тексеру жүргізді. Бұдан бөлек, облыс әкімі Көкжайық ауылына барып, жедел штабтың жұмысына қатысып, қабылданатын шараларды талқылады.

Қардың қарқынды еруінің салдарынан елді мекендерге су басу қаупі төнді. Қызылсуды алдын алу үшін 4050 дана қап, 6300 тонна инертті материал төселіп, 3782 текше метр су шығарылды. Көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстарына жалпы 161 адам, 28 бірлік техника, 16 МП және 4 жүзу құрылғылары жұмылдырылды. Оның ішінде 50 адамнан тұратын ТЖД, Жетісу облысы ТЖД, ЖАО, «Қазселденқорғау», Ұзынағаш ауылының №28237 әскери бөлімі, Семей қаласының №68303 әскери бөлімі бар.

Жергілікті атқарушы орган және «Қазселденқорғау» қызметкерлері инертті материалды тасымалдау, қорғаныс бөгетін ұлғайту, суды бұру арналарын кеңейту жұмыстарымен айналысып жатыр. Су деңгейі мен бөгетті тәулік бойы бақылау үшін 4 гидропост ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Көкжайық ауылынан келген қарғын су Шұғылбай ауылын басу қаупіне байланысты еріген қар суын Талменка өзеніне бағыттау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ТЖД, ЖАО күштерімен суды бұру үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 31 наурызында Көкпекті ауданы Көкжайық ауылында (Көкпекті өзені) өзен арнасынан асып, 15 аула аумағын су басты. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аулаларға инертті материал төгу, құм салынған қаптар төсеу, еріген суды бұру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде елді мекеннің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қар суы аула аумағынан шығарылды.


#Абай облысы, #ТЖД, #Көкпекті ауданы, #су тасқыны