Мансап орталығы жыл басынан бері 145 адамды жұмысқа орналастырды

Мансап орталығы жыл басынан бері 145 адамды жұмысқа орналастырды

Ағымдағы жылдың басынан бастап Семей қаласының мансап орталығына бос жұмыс орындарын іздеп, көмек сұрап 917 адам жүгінген. Бүгінде олардың 145-і жұмысқа орналастырылған. Орталықтың 2023 жылғы қызметі мен қорытындылары туралы толығырақ Абай облысының өңірлік коммуникациялар алаңында Семей қаласы Мансап орталығының директоры Дариға Абайқызы мәлімдеді,-деп хабарлайды  abaidan.kz тілшісі  Абай облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

-2023 жылы 5877 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 1741 адам тұрақты бос жұмыс орындарына, 2444 адам уақытша орындарға, 192 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Сондай - ақ, 430 адам жастар тәжірибесіне ие болса, 1336 адам қоғамдық жұмыстарға орналасты, - деді Дариға Абайқызы.

Айта кету керек, мансап орталығы жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істейді. Оларға қызметкерлерді табуға, оқытуды ұйымдастыруға және әлеуметтік жұмыс орындарын құруға субсидия бөлуге көмек көрсетеді. Ал, халықтың әртүрлі топтарын жұмысқа орналастыру үшін "бірінші жұмыс орны", "ұрпақтар келісімшарты", "күміс жас"

 және "Бастау Бизнес" бағдарламалары қарастырылған.

- "Бірінші жұмыс орны" жобасы 35 жасқа дейінгі білім беру мекемелерінің түлектері үшін кәсіпте тәжірибесіз, уақытша жұмыс орнын алуға мүмкіндік береді. Жоба 18 айға дейін созылады, содан кейін кем дегенде 12 айға тұрақты жұмыс ұсынылады. Белгіленген төлем - 30 АЕК немесе 103 500 теңге. Жоба аясында өткен жылы 106 жас жұмысқа орналастырылды, - деп атап өтті орталық директоры.

Бұдан басқа, Семей қаласы Мансап орталығы халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК (1,3 млн.теңге) мөлшерінде өтеусіз негізде гранттар береді. Грантты 2023 жылы 110 адам алған. 

Оның ішінде мүгедектер, 50 жастан асқан әйелдер, аз қамтылғандар және басқада қатысушылар. Гранттар сұлулық салоны, кондитерлік цех және кәсіпорындардың жабдықтары сияқты әртүрлі жобаларға бағытталған.


#Жұмыспен қамту