Медиа форумға қатысушылар Шымбұлақта болды
Биыл Түркітілдес журналистер қорының құрылғанына 10 жыл. Атаулы күнге орай Алматыда IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Еліміздің әр өңірі мен шетелден келген қонақтар медиа форумның алғашқы күнінде Алматы қаласының көрікті жерлерін аралады. Шымбұлақты көріп, Медеуде болды.
Шымбұлақ — Алматы маңындағы Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орналасқан тау-шаңғылық курорты. Спорттық кешен 70 жылдан астам уақыт бойы тау шаңғысы спортшыларының сүйікті орнына айналған. Алғашқыда бұл кешен кеңес тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық базасы ретінде құрылған. Жарыс жолының ені 25 метр, еңістігі 11-29 градустардың аралығында, сондықтан шаңғышылардың ең жақсы жылдамдық көрсетуіне қолайлы. Техникалық сипаттамасы жағынан Еуропаның ең жақсы жарыс жолдарынан кем емес, көп жағдайда (қарының сырғанақтық сапасы бойынша) олардан артық.
Ал "Медеу"— жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені.Алматы қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жыл пайдалануға беріліп, 1972 жылы Медеу спорт кешені тұрғызылған. Конькишілерге арналған жасанды мұз айдынының ауданы 10,5 мың м. Жарыс жолының ені 5 м, айналымы 400 м. Айдынның ортаңғы бөлігі — хоккей ойынына және мәнерлеп сырғанауға арналған.
#Алматы, #медиа форум, #түркітілдесжурналистерқоры