Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын төлемдерге жүгіну тәсілдері
Жұмыс істейтін халықтың мүдделерін қорғау мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандырумен әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайларда еңбекке қабілеттілігінен; асыраушысынан; жұмысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу; бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайларына әлеуметтік төлемдер көзделген.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр қатысушыға жеке есептеледі және Қорға әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуіне тікелей байланысты болады.
Айта кету керек, әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілердің және (немесе) дара кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен төленеді.
Осыған байланысты, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде Қор жүйенің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш жасамас бұрын Қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдарды тексеруді ұсынады.
Аталған ақпаратты электрондық үкіметтің egov.kz порталы арқылы (Басты бет/жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту/міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат) немесе екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелеріне немесе Қордың филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен жүгіне отырып алуға болады.
Цифрлық технологиялардың дамуымен әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жүгіну рәсімдері жеңілдетілді. Қазіргі уақытта өтініш беруші мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтері жоқ құжаттарды ғана ұсынады.
Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін дәстүрлі түрде ХҚКО арқылы да, үйден шықпай-ақ электронды түрде де жүгінуге болады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді проактивті нысанда көрсету өзекті болып отыр, оның ішінде Отбасының цифрлық картасы арқылы, атап айтқанда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде тиісті мәліметтер болған кезде жүйеге қатысушыға төлем алу құқығын іске асыру туралы «1414» Бірыңғай байланыс орталығы арқылы смс-хабарлама жіберіледі. Смс-хабарламаға келісім алған жағдайда төлем проактивті түрде тағайындалады.
Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдерді келесі әдістердің бірімен:
- еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша: жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін (ЖЕА) бастапқы белгілеу кезінде - Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі арқылы, ал ЖЕА мәліметтері болған кезде - электрондық үкімет порталы арқылы egov.kz немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша: электрондық үкімет порталы арқылы egov.kz немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
- жұмысынан айырылу жағдайы бойынша: жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде - enbek.kz электрондық еңбек биржасының, egov.kz электрондық үкімет порталдары арқылы немесе Мансап орталығы, ал жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы мәліметтері болған жағдайда - egov.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
- жүктілікке және босануға байланысты: egov.kz электрондық үкімет порталы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
- бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша: egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы алуға болады
Егер өтініш беруші электрондық түрде өтініш берген болса, онда әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 4 жұмыс күнін, ал ХҚКО арқылы жүгінген жағдайда - 8 жұмыс күнін құрайды.
Төлемдерді тағайындау кезінде Қордың филиалдары құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты, әлеуетті алушылардың мүдделерін қорғау мақсатында, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленбеген, сондай-ақ төленген әлеуметтік аударымдар сомаларының міндетті зейнетақы жарналары аударылған қызметкердің кірісіне сәйкес келмеген жағдайда Қор электронды іс макетін жете ресімдеуге жібереді. Осындай жағдайларда төлемдерді тағайындау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін ұзартылып, мемлекеттік кірістер органдарынан қосымша мәліметтер және (немесе) жұмыс орнынан түскен кірістер туралы анықтама және т. б. құжаттар талап етіледі.
#сақтандыру, #әлеуметтік төлем