Жаңа Конституция жобасын талқылау кезеңіндегі жалған ақпараттарға қатысты үндеу

Жаңа Конституция жобасын талқылау кезеңіндегі жалған ақпараттарға қатысты үндеу

Бүгінде Қазақстан халқы еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын аса маңызды, тарихи кезеңде өмір сүріп отыр. Мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең өзекті оқиғалардың бірі – Жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау үдерісі. Бұл бастама ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін айрықша маңызға ие. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің ресми парақшасында жазды.

Айтуынша, өкінішке қарай, осы жауапты кезеңді теріс мақсатта пайдалануға тырысатын жекелеген тұлғалар мен әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігі байқалуда. Олар қоғамда алаңдаушылық туғызу, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыру мақсатында негізсіз және жалған ақпарат таратуда. Атап айтқанда, белгілі қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың атынан жалған парақшалар мен фейк-аккаунттар ашылып, тіл мәселесі, жерді сату сияқты қоғам үшін сезімтал тақырыптарда арандатушылық сипаттағы ақпараттар мен үндеулер жариялануда. Мұндай әрекеттер азаматтарды әдейі жаңылыстыруға және қоғамда сенімсіздік қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, елімізде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таралып, Конституцияның жекелеген баптары әдейі бұрмаланып түсіндірілетін жағдайлар да кездесуде. Бұл – қоғамдық пікірге қысым жасау мен тұрақтылықты шайқалтуға бағытталған қауіпті үрдіс.

Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен кең аудиториясы бар танымал интернет-парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны жөнінде де ақпараттар тіркелуде. Қазіргі таңда уәкілетті органдар бұл жағдайларды жан-жақты зерделеп, заң аясында тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Осы орайда, азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге, расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз. Әрбір қолданушының ақпараттық жауапкершілігі – қоғам тыныштығы мен ел тұрақтылығының маңызды факторы.

Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан әрбір азамат ақпаратты жарияламас бұрын оның шынайылығына көз жеткізуі қажет. Қоғамдық келісім мен тұрақтылық – ортақ құндылығымыз. Ал ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде сабыр сақтап, заң мен жауапкершілік аясында әрекет ету – баршамыздың ортақ міндетіміз,-дейді ол.


#Конституция, #реформа, #Конституциялық реформа