Өскеменде «Жас Бүркіт» патриоттық клубының жас мүшелері ант қабылдады

Өскеменде «Жас Бүркіт» патриоттық клубының жас мүшелері ант қабылдады

Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің базасында №49 мектептің оқушылары «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының қатарына қабылданып, Отанға адал болуға ант берді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Шығыс өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   Бұл күн жас өрендер үшін ерекше — еліміздің нағыз қорғаушысы болуға бағытталған алғашқы қадамның символына айналды.

Іс-шара салтанатты жағдайда өтті. Әскери саптағы тәртіп, қазақстандық Тудың желбіреуі және ант беру сәті – барлығы жас бүркіттердің бойында мақтаныш пен жауапкершілік сезімін оятты.

Жас қатысушыларға «Жас Бүркіт» клубының мүшелік куәліктері табысталды. Бұл – олардың азаматтық борышқа деген сенімі мен дайындықтарының айғағы.

– Бүгін біз үшін толқытатын әрі қуанышты күн, – дейді №49 мектептің 10-сынып оқушысы, «Жас Бүркіт» клубының мүшесі Алтынай Ринатқызы. – Біз мұнда тәртіп пен батылдықты, ең бастысы – елге деген сүйіспеншілікті үйреніп жүрміз. Болашақта еліміздің абыройын қорғайтын нағыз патриот болғымыз келеді.

Жас өрендерге ізгі тілегін Регионалдық «Шығыс» қолбасшылығының ардагері, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев жеткізді:

– Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі. Сендердің бойларыңдағы рух, қызығушылық пен патриоттық сезім бізге үлкен үміт сыйлайды. Әрдайым елге адал, арманға берік, жүрегі отаншыл азамат болыңдар. Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерің ешқашан сөнбесін!

5518 әскери бөлімінің басшылығы іс-шараға қатысқан ұстаздар мен ардагерлерге алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жастарды елге қызмет етуге рухтандыратынын атап өтті.

Бүгінде «Жас Бүркіт» патриоттық қозғалысы еліміздің көптеген мектептерінде табысты жұмыс жүргізіп, жас ұрпақты отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде


#"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы