Семейлік сарбаздардың қамқор аталары бар
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның ардагері, запастағы майор Орынғазы Кенжебеков жас сарбаздарға тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келеді. Әскери бөлімге келген сайын оны жауынгерлер қуана қарсы алады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сарбаздардың айтуынша, ардагер әрқайсысының хал-жағдайын сұрап, ақыл-кеңесін беріп, тәтті тағамдар үлестіреді. Қажет болған жағдайда жеке өтініштеріне де қолдау көрсетіп, қажетті заттарын алып береді.

Запастағы офицердің қамқорлығы тек сарбаздармен шектелмейді. Ол көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларына жиі барып, материалдық және моральдық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырмай, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөледі. Ардагердің демеушілігімен бірқатар күрделі оталар жасалып, әлеуметтік көмек көрсетілген.
– Жауынгерлер ел қорғаны. Дегенмен ел қорғандарына да қамқорлық пен қолдау қажет. Мерзімді қызметін өтеген сарбаздар мені ұмытпай, әскерден кейін де хабарласып тұрады. Бұл – мен үшін үлкен құрмет, – дейді запастағы майор Орынғазы Кенжебеков.

Ұлттық ұлан ардагері 5511 әскери бөлімінде жиырма жылдан астам уақыт абыройлы қызмет еткен. Бақылаушылар қызметі бөлімінің бастығы лауазымында зейнетке шыққан ол әскери бөлімнен бір елі ажыраған емес. Запастағы майор алты жыл бойы әскери бөлімнің ардагерлер кеңесін төрағасы атанып, белсенді түрде басқарып келеді.
#Семей, #"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, #Ұлттық Ұлан