Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 74 қаралымabaidan.kz

Семейдің аспалы көпірі күрделі жөндеуден өтеді

Семейдің аспалы көпірі күрделі жөндеуден өтеді

Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір 26 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтпек. Құрылымы күрделі нысанды жаңғыртуға 14 миллиард теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарына отандық мамандармен қатар шетелдік сарапшылар да тартылмақ.

Семейдің символына айналған аспалы көпірдің пайдалануға берілгеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде көпірдің негізгі конструкцияларына күрделі жөндеу жүргізілмеген. Нысанда негізінен жолдың асфальт жабыны ғана ауыстырылып, жекелеген жерлері жамалып келген. Биыл көпірдің техникалық жағдайына отандық және шетелдік мамандар бірлесіп тексеру жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік сараптама әзірленіп, енді мердігер компанияны анықтау жұмыстары қолға алынған.

Алдағы жөндеу барысында көпірдің тек жол жабыны ғана емес, құрылымның барлық негізгі бөлшегі қамтылмақ. Оның ішінде металл конструкциялар, түрлі механизмдер мен алып тростар да бар. Мамандардың айтуынша, тростарды таттан қорғау үшін олардың сыртқы қабыршығын ауыстыру қарастырылған. Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Увасиловтың айтуынша, жөндеу кезінде көпірдің әрбір бөлшегіне жеке көңіл бөлінеді.

 Конструкциясының әрбір бөлшектері, механизмдері бар. Одан бөлек жол үстінің асфальты да қарастырылған. Үлкен тростарымыз бар, соларды тат басудан сақтау үшін сыртқы қабыршығын ауыстыру жоспарланып отыр. Түркиядағы осыған ұқсас көпірлерде кездескен проблемаларды шешуде қолданылған үлгі негізінде жұмыстар жүргізілмек,-дейді бөлім басшысы.

Мамандардың назарында көпірдің қауіпсіздігі мен беріктігі тұр. Себебі 26 жыл бойы пайдаланылған нысанның металл элементтері табиғи әсерлерге ұшырап келеді. Сондықтан күрделі жөндеу барысында конструкцияларды қалпына келтірумен қатар, оларды әрі қарай ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік беретін қорғаныс шаралары да жүзеге асырылмақ.

Жоба аясында шетелдік тәжірибені пайдалану да жоспарланған. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарына жапондық мамандарды тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар түрік мамандары қолданған техникалық шешімдер де ескерілмек.

Семейдің аспалы көпірі – қаладағы маңызды көлік нысандарының бірі. Сондықтан оның техникалық жағдайын жақсарту қала тұрғындары үшін ғана емес, Ертістің екі жағалауын байланыстыратын көлік қатынасының тұрақтылығы үшін де маңызды. Қазір негізгі міндет – мердігер компанияны анықтап, жөндеу жұмыстарына кірісу. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, 26 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген көпірдің негізгі конструкциялары жаңартылып, оның пайдалану мерзімі ұзартылмақ.