️Президент кеңесшісі Абай облысына келді

️Президент кеңесшісі Абай облысына келді

Бүгін Абай облысына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, сондай-ақ білім беру мен дін саласының мамандарымен бірқатар кездесу өткізді.

Сапар аясындағы алғашқы жүздесу әлеуметтік сала өкілдерімен өтті. Мәлік Отарбаев жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген негізгі мәселелер мен стратегиялық бағыттар туралы кеңінен баяндады.

– Президентіміз атап өткендей, ел болашағы үш негізгі құндылыққа негізделуі тиіс. Олар – әділдік, ұрпақтар сабақтастығы және өрлеу. Әділ шешім қабылдай алатын азамат қана қоғамға нақты пайда әкеле алады, – деді Мәлік Отарбаев.

Сондай-ақ сапар аясында Президент кеңесшісі  құқық қорғау және әскери құрылым өкілдерімен өткен кездесуге қатысты. Жиын барысында ол Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасының маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Президенттің бағдарламалық баяндамасы – мемлекеттік деңгейдегі маңызды құжат. Құрылтайда айтылған бастамалар қоғамдағы өзекті мәселелерді нақты әрі жүйелі шешуге бағытталған. Алдағы міндет – мемлекетті сақтау, тәуелсіздікті нығайту және мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру, – деді ол.

Кездесу кезінде облыстық прокуратура, полиция департаменті мен ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің өкілдері өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Сапар барысында Мәлік Отарбаев Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және жас ғалымдармен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен діни бірлестіктер өкілдерімен кездесіп, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелерін талқылады.


#Абай облысы, #ҚР Президенті