️Семей қаласы жылу беру маусымына дайын

️Семей қаласы жылу беру маусымына дайын

Абай облысының әкімі БАҚ өкілдері үшін көшпелі брифинг өткізді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Брифинг жылу ортығынан басталды. Журналистер жылу желілерінің жағдайымен және жылу маусымына дайындық барысымен танысты. Алдағы екі жылда Семей қаласында жылу желілерін қайта жаңғырту үшін 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде қаланың оң жағалауындағы жылу энергиясының тапшылығы мен жылу көздерінің тозуы 20%-ға азаяды деп күтілуде.

Келесі аптаның басында қалада әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. Айта кетсек, денсаулық сақтау және білім беру нысаны қазірдің өзінде жылу беру маусымына толық дайын.

«Ғаббасов қазандығына қосымша қазандық орнаттық, оны іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл қазандық алдағы жылыту маусымында жұмыс істейтін болады. Қала жылу беру маусымына дайын. Біздің басты міндетіміз тұрғындарға сапалы жылу беру. Жылыту маусымы жоспарға сәйкес өту үшін барлық жұмыстарды қолға алдық», – деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Сондай-ақ өңір басшысы жылу желілерін жөндеу кезінде қазылған көше мен тұрғын үй аумақтары мердігерлер есебінен қалпына келтірілетінін жеткізді. Бұл келісімшартта қарастырылған. Магистральдық желілер ауыстырылған Әуезов даңғылының бойындағы қоғамдық кеңістік және жол толығымен қалпына келтіріледі.

«Толассыз жауған жаңбырға байланысты шұңқырларды жабу және асфальттау жұмыстары уақытша шегерілді. Дегенмен, жұмыс уақытында аяқталады. Найманбаев көшесінен Дулатов көшесіне дейінгі аумақ келесі жылы абаттандырылады. Бұл аймақта жол бөлігі қала береді, бірақ демалыс күндері аумақ көлік қозғалысы үшін жабылып, жаяу жүргіншілердің жүруіне қолайлы жағдай жасалады. Барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр», – деді аймақ басшысы.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семейде ЖЭО-3 құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылдың соңына дейін техникалық-экономикалық негіздеме аяқталады деп күтілген.


#Семей, #Абай облысының әкімі, #жылу маусымы