Семейде көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды
Семей қаласында көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, ана мәртебесін асқақтатып, ел демографиясының дамуына үлес қосып жүрген жандарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары салтанатты түрде табысталды.

Марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған қала әкімі Әділет Қожанбаев арнайы қатысты. Ол өз сөзінде аналардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, олардың еңбегі әрдайым зор құрметке лайық екенін атап өтті.
«Ана — тіршіліктің тірегі, отбасының ұйытқысы, қоғамның берік негізі. Осындай ұлы міндетті абыроймен атқарып, көпбалалы ана атанып, елдің демографиялық дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі қашанда жоғары бағалауға лайық», — деді қала әкімі.

Шара барысында 5 анаға «Алтын алқа» табысталса, 13 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Бұл марапаттар — аналардың ерен еңбегі мен төзімінің, бала тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі. Осындай игі шаралар қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеп, аналардың мәртебесін арттыруға ықпал етеді. Көпбалалы аналар — тек отбасының ғана емес, тұтас елдің тірегі. Олардың еңбегі мен махаббаты болашақ ұрпақтың жарқын болуына негіз қалайды.