Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана алып береді

Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана алып береді

Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева отбасыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі  kaz.inform.kz сілтеме жасап. Оның айтуынша көпшіліктің қолдауымен жиналған қаражат баспана сатып алуға жұмсалады.

- Толық медициналық тексеруден өткен балаға қажет психологиялық көмек көрсетіліп, отбасыға құқықтық қолдау ұйымдастырылды. Қазіргі таңда отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталады, - деді ол. 

Уәкілдің мәліметінше қаржының әділ әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып жатыр.

- Көмек көрсету процесі ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның үлкен қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу барысы ашық өтеді, – деп атап өтті Эльзира Солтабаева.

Сонымен қатар ол отбасының ел тұрғындарына білдірген шынайы ризашылығын жеткізді.

Еске салсақ, Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққаны хабарланған.


#Семей, #Абай облысы, #Оқушы, #мектеп, #баспана