Семейде ыстық су кезең-кезеңмен беріледі
Семей қаласында жылыту маусымы аяқталғаннан кейін тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Әділет Қожанбаев айтты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Шаралар жылу желілерін тиімді пайдалану және жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында қолға алынған.
Қала бойынша ыстық су беру бірнеше жылу көздері арқылы жүргізіледі. Атап айтқанда:Қаланың сол жағалауында ЖЭО-1 арқылы 252 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беріледі. Оң жағалауда: Ғаббасова қазандығы – 186 үй «МЭН» қазандығы – 43 үй РК-3 қазандығы – 120 үй. Осылайша, қаладағы бірқатар тұрғын үйлер жаз мезгілінде орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етіледі,-деді шаһар басшысы.
Қазіргі таңда Семейде 1588 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 697-сі ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Алайда, олардың ішінде 96 үйде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Бұл шешім ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарына байланысты қабылданған. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін ыстық су беру толық қалпына келтіріледі.
Жазғы кезеңде 601 көпқабатты тұрғын үй, яғни 40 мыңнан астам абонент ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – қала тұрғындарының едәуір бөлігін қамтитын маңызды әлеуметтік қызмет.Сонымен қатар, 620 көпқабатты тұрғын үйде орталық ыстық су жүйесі мүлдем қарастырылмаған. Бұл мәселе алдағы жылдары кезең-кезеңімен шешілуі мүмкін,-деді Әділет Нұрсағатұлы.
Қала әкімінің айтуынша ыстық суды кезең-кезеңмен беру – тек уақытша шара емес, ол жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. Жүргізіліп жатқан жөндеу мен жаңғырту жұмыстары болашақта жүйенің сенімділігін арттырып, апаттылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Семей қаласында ыстық су беру жүйесі жоспарлы түрде ұйымдастырылып отыр. Кезең-кезеңмен жүргізілетін бұл жұмыс тұрғындарға қызмет сапасын жақсартуға және жылу желілерін тиімді жаңғыртуға бағытталған.
#Семей, #жылу маусымы, #ыстық су