Өңірлердің тұрақты дамуы – ел экономикасының орнықты өсуінің негізгі алғышарттарының бірі. Соңғы жылдары аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Семей қаласының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өңірдің даму әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың тұрғындармен өткен ашық кездесуінде жарияланған мәліметтер экономиканың негізгі салаларында оң өзгерістер қалыптасқанын аңғартады. Өнеркәсіп өндірісі, инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және қаланы абаттандыру бағыттарындағы жұмыстар Семейдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айғақтайды.

Экономикалық өсімнің басты индикаторларының бірі – өнеркәсіп өндірісі. Бірінші жартыжылдықта өндірілген өнім көлемінің 236,8 миллиард теңгеге жетуі және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 127,5 пайыздық өсім көрсетуі өндірістік әлеуеттің күшейіп келе жатқанын білдіреді. Бұған қоса негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің 52,8 миллиард теңгеге жетуі өңір экономикасына деген сенімнің артқанын көрсетеді. Алты инвестициялық жобаның іске қосылып, 209 жаңа жұмыс орнының ашылуы тек статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – өндірістің кеңеюі, еңбек нарығының жандануы және өңірлік экономиканың әртараптануына ықпал ететін нақты нәтиже.

«Біздің басты мақсатымыз – экономикалық көрсеткіштердің өсімі тұрғындардың әл-ауқатына нақты әсер етуі. Сондықтан инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді қала әкімі Әділет Қожанбаев.
Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі – шағын және орта бизнес. Семейде бұл секторда 28 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, ал онда еңбек ететіндердің саны 69 мыңнан асады. Бірінші жартыжылдықта өндірілген өнім көлемінің 984 миллиард теңгеге жетуі және өсімнің 28,6 пайызды құрауы өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді. Бұл ретте сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының да маңызы ерекше. Қаланың ірі базарларын кезең-кезеңімен жаңарту, заманауи сауда орындарын қалыптастыру урбанистикалық талаптарға сай жаңа экономикалық кеңістік құруға бағытталған.

Әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл басынан бері жүзден астам тұрғын үй сертификатының берілуі, жүздеген отбасының жалдамалы баспанамен қамтылуы және жастарға арналған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің орындалып жатқанын көрсетеді. Восточный кентіндегі жаңа мектеп, әскери госпиталь, инженерлік желілер, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалар қаланың ұзақмерзімді дамуына негіз болады. Ал жаңа драма театры мен Semey Mall сияқты нысандар Семейдің мәдени және қоғамдық кеңістігін жаңғыртуға ықпал етеді.
Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де ерекше назарда. Жылу желілерін жөндеу, сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру, жаңа су көздерін барлау және ыстық сумен қамту деңгейін арттыру тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстарының жоғары деңгейдегі тозуы алдағы жылдары шешілуі тиіс стратегиялық міндеттердің бірі болып қала береді.
Қазіргі заманғы қаланың даму деңгейі тек өндіріс көлемімен емес, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасының қалыптасуымен де бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда Семейде аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, жолдарды жөндеу және қоғамдық көлік паркін толықтыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Әсіресе экологиялық таза электробустар қаланың көлік жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жастар саясаты мен спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар да өңірдің әлеуметтік капиталын нығайтуға қызмет етеді. Инклюзивті спорт сарайының құрылысы, жаңа дене шынықтыру кешендерінің ашылуы және «Жасыл ел» бағдарламасына жастардың тартылуы мемлекеттік жастар саясатының жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді.
Тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелер де қаланың бүгінгі даму күн тәртібін айқындады. Инженерлік инфрақұрылым, жол сапасы, коммуналдық қызметтердің тиімділігі, аулаларды абаттандыру сынды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Қала әкімі халықпен тікелей байланыстың маңызын ерекше атап өтті.
«Қаланы жаяу аралаймын.Сіздер айтқан мәселелерді білемін. Әрбір ұсыныс пен әрбір мәселе назарға алынады. Біз оларды мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешетін боламыз», – деді Әділет Қожанбаев.
Ашық диалог – тиімді басқарудың басты қағидаларының бірі. Қала әкімі кездесуден кейін қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бүгінгі көрсеткіштер Семейдің даму әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Алайда өңірдің ұзақмерзімді дамуы экономикалық өсімнің қарқынын сақтаумен ғана емес, инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі шешуге, инвестициялық жобаларды уақытылы аяқтауға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына байланысты болмақ. Семейдің бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері өңірлік саясаттың нақты жемісін көрсетеді. Ендігі міндет – қалыптасқан қарқынды сақтап қана қоймай, оны жаңа сапалық деңгейге көтеру. Бұл тұрғыдан алғанда халықпен ашық диалог, экономиканы әртараптандыру және қалалық ортаны жаңғырту бағытындағы жұмыстар Семейдің ғана емес, тұтас Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бере алады.





