СЕНАТ «ЛГБТ» НАСИХАТЫНА ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ
Отбасы құндылықтарын бірінші орынға қоятын қазақ халқы үшін ЛГБТ– жат ұғым. Алайда әлеуметтік желілердегі ақпараттың ашықтығы осы бір ұғымды кеңінен насихаттап, жастардың санасына кері әсерін тигізуде. Оған қоғам жанашырлары алаңдап, ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері әсерін айтып, аталған кеселге тосқауыл қою үшін дабыл қағуда.
Статистикаға көз салсақ: жасөспірімдер ЛГБТ туралы ақпараттың 73%-ын әлеуметтік желіден алып отыр екен. Сондықтан ол аталған ұғымды ашық және жанама жолмен насихаттауға үзілді-кесілді тыйым салу керек!
Бүгін Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін заңды мақұлдады. Аталған норма бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникациялық желілерде, баспа өнімдерінде және онлайн-платформаларда дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын материалдарды таратуға тыйым салуды қарастырады. Бұл туралы Палатаның пленарлық отырысында сенатор Руслан Рустемов мәлімдеді.
«Заңнамаға бұқаралық ақпарат құралдарын, әдебиетті, ойын-сауық саласын және өзге де іс-шараларды дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттау мақсатында пайдалануға тыйым салуға қатысты толықтырулар енгізіледі. Халықаралық тәжірибені талдау көптеген елде, соның ішінде жасөспірімдер мен балаларды дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау мен таратудан қорғауға бағытталған заңнаманың қабылданғанын көрсетеді», - деп атап өтті Руслан Рустемов.
Тағы да статистика: ЛГБТ тақырыбы тек жеке еркіндік мәселесі емес, ол жасөспірімдердің психоәлеуметтік дамуына тікелей әсер етеді. АҚШ-та жүргізілген зерттеу бойынша ЛГБТ жастардың 41%-ы соңғы бір жылда суицид туралы ойлаған, 12%-дан астамы суицид жасауға талпынған.
Ұлт боламыз десек – ұрпақты сақтау керек! Мемлекет боламыз десек – рухани құндылықтарымызды қорғаумыз қажет! ЛГБТ – жай ғана жеке таңдау емес. Бұл – ұлттың болашағына әсер ететін идеологиялық вектор.