Күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі — Ораза айт басталды

Күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі — Ораза айт басталды

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі — Ораза айт мейрамы. Мереке үш күнге созылады. 

«Айт» сөзі — «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Айттың алғашқы күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Хадис-шарифте айтылғандай, Алла тағала:

 «Пенделерiм, мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар мен үшiн ораза ұстады, менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» — дейді.

Ораза айт — отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, кішкентай бүлдіршіндерге, ағайын-туыстарға сыйлық үлестіріп, оларды қуанышқа бөлеу — мерекенің сәнін арттыра түсетін игі іс. Жабырқаған жанды демеп, қарияларды қуанышқа бөлеп, көмекке мұқтаж адамның алғысы мен батасын алу — ол да сауапты амалдың бірі.

Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылман айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан — береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады.

Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі ерекшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.

kaz.inform.kz


#дін, #Ораза айт