ШҚО ветеринария қызметінің мамандарына 113 автокөлік табысталды
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының қызметкерлеріне арналған 113 жаңа автокөлікті тапсыру салтанаты өтті. Қызметтік көліктің кілтін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Altainews.kz сілтеме жасап.

Ветеринария саласының қызметкерлері халық денсаулығын қорғап, жануарларды зооноздық инфекциялардан сақтайды. Облыстық ветеринарияны дамыту стратегиясы жыл сайын өзгеріссіз қалады – тәуекелдерді тұрақты бақылау, заманауи әдістерді енгізу, фермерлермен жұмыстың ашықтығын арттыру. Басымдықтар қатарында эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, профилактика және диагностикамен толық қамту, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадрлық әлеуетті арттыру бар.
Нұрымбет Сақтағанов ветеринарияның елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан жедел әрекет ету, мобильділік және кез келген жағдайда жұмысқа дайын болу маңызды.
– Бүгінде ветеринария қызметінің автокөлікпен қамтамасыз етілу деңгейі 100%-ды құрап отыр. Біз лизинг арқылы 2,3 млрд теңгеге 113 арнайы техника сатып алып отырмыз. Бұл – эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған үлкен жұмыс. Қыркүйек айының соңына дейін тағы 20 арнайы техника жеткізіліп, ветеринария қызметіне беріледі, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жаңа автокөліктерді қарап, жабдықталуымен танысты. Мамандармен әңгімелесіп, саланы қолдау, жастарды тарту және заманауи жабдықпен қамтамасыз ету жоспарларымен бөлісті. Көліктердің бір бөлігі арнайы анатомиялық және хирургиялық ветеринарлық жинақтармен жабдықталған.
Табыс етілген техника Шығыс Қазақстанның аудандары мен қалаларына, соның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерге бөлінді. Пикап JAC пен «Соболь» үлгілерінен бастап «Кобальт» жеңіл көліктері және арнайы тоңазытқыш көліктерге дейінгі техника ветеринарлардың шақыруларға жедел шығуына, алдын алу және емдеу шараларын жүргізуіне, өнім сапасын бақылауына мүмкіндік береді. Көліктер «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен алынды.
Автокөліктердің бөлінуі:
Глубокое ауданы – 15 пункт: 1 пикап JAC T6, 1 «Соболь», 12 «Кобальт»;
Алтай ауданы – 10 пункт: 1 пикап JAC T6, 1 «Соболь», 3 «Кобальт»;
Ұлан ауданы – 15 пункт: 1 пикап JAC T6, 6 «Соболь», 9 «Кобальт»;
Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары – 13 пункт: 2 пикап JAC T6, 14 «Соболь»;
Самар ауданы – 9 пункт: 1 пикап JAC T6, 5 «Соболь», 3 «Кобальт»;
Күршім және Марқакөл аудандары – 12 пункт: 2 пикап JAC T6, 11 «Соболь», 1 «Кобальт»;
Тарбағатай ауданы – 8 пункт: 8 «Соболь»;
Риддер – 1 пункт: 1 пикап JAC T6, 1 «Соболь»;
Өскемен – 1 пункт: 1 пикап JAC T6, 1 рефрижератор, 1 «Кобальт»;
Шемонайха ауданы – 10 пункт: 1 пикап JAC T6, 2 «Соболь», 8 «Кобальт»;
Зайсан ауданы – 9 пункт: 1 пикап JAC T6, 4 «Соболь», 5 «Кобальт».