Өскемен – Риддер – РФ шекарасы автожолының жөндеу жұмыстары қазанда аяқталады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов республикалық маңыздағы автожолдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Altainews.kz сілтеме жасап. Аталған бағыттағы автожолдың жалпы ұзындығы – 105 шақырым. Бұл маршрут – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Себебі ол Шығыс Қазақстан облысындағы 11 елді мекенді байланыстырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға елеулі ықпал етеді.
2024 жылы автожолдың бір бөлігі – Өскемен қаласынан Секисовка ауылына дейінгі 0-30 шақырым аралығы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл учаскеде жол төсемі қалпына келтіріліп, қалыңдығы 11 сантиметр болатын екі қабатты асфальтбетон жамылғысы төселді.

Қазіргі уақытта Секисовка ауылынан Риддер қаласына дейінгі (30-105 км) аралықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құрылыс-монтаж жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізіп жатыр: «Kurylys Group RK» ЖШС (30-70 км) және «Востоквзрывром» ЖШС (70-105 км). Жұмыстар толық көлемде техникалық қадағалау қызметінің бақылауымен атқарылуда.
– Ең маңыздысы – жолдың сапасы, одан кейін ғана жұмыстың аяқталу мерзімі. Қазір кепілдік мерзімі екі жыл деп көрсетілген, бірақ менің ойымша, бұл аз. Қосымша келісім жасап, мерзімді үш жылға ұзарту қажет, – деді облыс әкімі.
Құрылысқа барлығы 62 жол-құрылыс техникасы, 66 механизатор, 27 жол жұмысшысы және 10 инженерлік-техникалық маман жұмылдырылған.
75 шақырым жолдың көп бөлігінде мына жұмыстар орындалды: жол негізін қайта өңдеу (ресайклинг) – 49 км, төменгі қабатты төсеу – 42 км, жоғарғы қабатты төсеу – 8 км.

Айта кетейік, жобаның іске асырылу барысын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ШҚО филиалы тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жол сапасын тексеруге техникалық қадағалау қызметінен бөлек, ҚР «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК өңірлік зертханалары да тартылған.
Жолдың өзін ғана емес, оның бойындағы инфрақұрылымды дамыту да маңызды. Осыған орай аудан әкімдіктері мен Риддер қаласы әкімдігіне, сондай-ақ кәсіпкерлерге жол бойындағы сервистік нысандарды дамыту үшін жер телімдерін ұсыну қажеттігі айтылды.