Үржар ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде

Үржар ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде

Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырып, медицинаны дамытуға, инфрақұрылым мен құрылыс саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бағытында келер жылы жаңа су қоймасын салу жобасы іске асырылатынын мәлімдеді.

– Тұрғын үй мәселесіне қатысты ауданда 41 үй салынып, 82 пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде мыңға жуық адам тұр. Олардың қатарында 177 жетім бала, 190-ға жуық көп балалы ана мен 600 әлеуметтік осал топ өкілдері бар. Пәтерлер тұрғын үй комиссиясының шешімімен пропорционалды түрде бөлінеді. Айта кетейік, жалға берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігі Мемлекет басшысының Жарлығымен қарастырылған, – деді Ақылбек Башимбаев.

Аудан әкімі алдағы жылы инвесторлардың қолдауымен жаңа балабақшалардың салынып, балаларға арналған білім беру орындарының саны артатынын хабарлады.

– Бүгінгі таңда ауданда балабақшаларға кезекте 920 бала тұр, оның 600-ге жуығы аудан орталығында орналасқан. Жеке инвестордың есебінен келер жылы Таскескен ауылында жаңа балабақша салынатын болады. Бұл балабақша біздің жерлесіміздің жеке қаражаты есебінен салынады. Сонымен қатар, Абай облысын дамытудың Кешенді жоспары аясында ауданда 240 орындық балабақша салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізу кезеңінде, – деп толықтырды спикер.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша жаңа су қоймаларын салу жоспарға алынған. Үржар ауданы да осы бастаманы қолдап, өз аумағында жаңа су қоймасын салуды мақсат етіп отыр.

– Үржар ауданында қазіргі уақытта бір су қоймасы бар, ал тағы бір су қоймасының құрылыс жұмыстары жоспарлануда. Біздің ауданымызға су және суару министрі жұмыс сапарымен келіп, тиісті тапсырмаларды берді. Қазіргі уақытта су қоймасының құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жоба ауданның ауыл шаруашылығының дамуына үлкен әсер етеді, – деді аудан әкімі.

Үржар ауданында медициналық қызмет көрсету жағдайлары да жақсарып келеді. Енді аудан тұрғындары гемодиализ процедурасын алу мүмкіндігіне ие болды.

– Ауданымыздың төрт ауылдық округінде медициналық көмек көрсету мәселелері қарастырылуда. Орталық аудандық ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ауданда гемодиализ процедурасын алу мүмкіндігі бар, бұл қызметті 8 адам пайдаланады. Енді олар аптасына екі рет Семей қаласына барудың қажеті жоқ, – деп қорытындылады Ақылбек Башимбаев.

Қорытындылай келе, Үржар ауданының әкімдігі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде, бұл өзгерістер ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.


#Абай облысы, #Үржар ауданы