Абай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, интернет қолжетімділігін арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі 322 ауылдың 260-ы интернет желісіне қосылған. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 80 пайызы сымды және мобильді интернетпен қамтылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары 160 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, халқы аз 18 елді мекен спутниктік интернетке қосылады.
Жоба шеңберінде 2 300 шақырым магистральдық кабельдік құбыр тарту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 1 515 шақырымының құрылысы аяқталған. Абай, Жаңасемей және Бесқарағай аудандарында құрылыс жұмыстары толық бітіп, мемлекеттік мекемелерді оптикалық байланыс желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Цифрлық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, өңірде 5G технологиясын енгізу де қолға алынған. Қазір Семей қаласында 73 базалық станция жұмыс істейді. Келесі жылдың соңына дейін олардың санын 116-ға жеткізу көзделген. Сонымен бірге биыл Аягөз қаласында да бесінші буын байланыс технологиясын енгізу басталды.
Цифрлық шешімдер қоғамдық қауіпсіздік саласында да тиімді қолданылуда. Облыс прокуратурасымен бірлесіп, интернет алаяқтарының қоңырауларын бұғаттауға арналған «AI-Антифрод» жасанды интеллект жүйесі іске қосылған. 2026 жылдың он айында жүйе 56 197 алаяқтық қоңыраудың жолын кескен.
Ал жол қозғалысы мен қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған «Sergek VMS» интеллектуалды бейнебақылау жүйесіне 1 931 камера қосылған. Оның 919-ы жол ережелерінің бұзылуын тіркесе, 932-сі қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға бағытталған. Қалған 80 камера адамның бет-әлпетін тану функциясымен жабдықталған.
Бұдан бөлек, облыста IT саласын дамытуға және жас мамандардың әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл «Astana Hub» халықаралық технопаркінің Semey Hub филиалы ашылып, Abai IT-Valley және Semey Hub алаңдарында 30 іс-шара ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Семей қаласында бағдарламалау және жасанды интеллект бағытында практикалық білім беретін Tomorrow School мектебі жұмысын бастады. Мұнда қатысушыларға төрт апталық қарқынды оқу курстары ұсынылып, бағдарламалау негіздерін меңгеруге мүмкіндік жасалған.
Басқарма басшысының сөзінше, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – Абай облысын заманауи цифрлық технологияларды пайдаланумен шектелмей, өз IT-шешімдерін әзірлеп, оларды республика көлемінде ұсына алатын инновациялық орталыққа айналдыру.




