Қоғам 67 қаралымabaidan.kz

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Семей қаласында балаларды спорт арқылы біріктіріп, олардың өзара қарым-қатынасына, белсенділігі мен өз күшіне деген сенімін арттыруға бағытталған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті.

Ауқымды шараны «Әділет» партиясының Семей қалалық филиалы ұйымдастырды. Фестивальге қаланың бірқатар мектептерінен 60-қа жуық оқушы қатысып, спорттың бочча, эстафета және жеңіл атлетика түрлерінен өзара бақ сынады.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Фестивальдің басты мақсаты – балалардың спортпен айналысуына тең мүмкіндік қалыптастыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және оқушылар арасында достық пен өзара қолдауды нығайту. «Тең мүмкіндіктер» фестивалі «Әділет» партиясының негізгі құндылықтарымен – Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік, Еңбекқорлық және Прогреспен үндеседі. Партияның бағдарламасында әділет әр азаматтың мүмкіндіктерге тең қол жеткізуінен көрініс табуы керектігі, ал прогресс адамның жан-жақты дамуына жағдай жасаумен тікелей байланысты екені атап көрсетілген.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

«Спортта біреу жылдам жүгіреді, біреу дәл лақтырады, енді бірі командасына қолдау көрсетеді. Ең бастысы – балалардың өзіне сеніп, бірге әрекет етуі. Біз осындай орта қалыптастыруға үлес қосуды маңызды деп санаймыз», – деді «Әділет» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев.

Фестивальдің арнайы қонағы – «Әділет» партиясының мүшесі, «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы, самбодан Азия чемпионы Ерасыл Қажыбаев болды. Белгілі спортшы жас қатысушыларға қолдау көрсетіп, олармен кездесіп, спорттағы жетістіктерімен бөлісті.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай мүмкіндік беріп отырған «Әділет» партиясына алғыс айтамын. Спорт адамды тәртіпке, еңбекке және жауапкершілікке үйретеді. Бүгінгі балалардың спортқа қызығып, бірге жарысып жүргені қуантады. Осындай шаралар көбейіп, әр бала өзіне ұнайтын спорт түрімен айналысуға мүмкіндік алса екен деймін», – деді Ерасыл Қажыбаев.

Іс-шараға демеушілік қолдау көрсеткен «Восток Монтаж Инжиниринг» ЖШС директоры Александр Гнездов та фестивальге арнайы қатысып, балаларға жылы лебізін білдірді. Демеуші тарапынан қатысушыларға сыйлықтар табысталып, жас спортшыларға өз күшіне сеніп, алға ұмтылу жөнінде мотивациялық тілектер айтылды.

Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тең мүмкіндіктер» шарасы бүгінде қалалық деңгейде өткізіліп келеді. «Әділет» партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы Айдос Төлеуханов іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен Абай облысының спорт және білім басқармаларына алғысын білдірді.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

 

«Бұл фестивальді алдағы уақытта облыстық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз. Облыстық кезеңнің жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алады. Сондықтан бүгінгі шара – балалардың спортқа қызығушылығын арттырумен қатар, алдағы ауқымды жобаларға бастайтын маңызды қадам», – деді Айдос Төлеуханов.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, инклюзивті спорттық шаралардың маңызы – жарыс нәтижесінен әлдеқайда жоғары. Мұндай бастамалар балаларға бір-бірін қабылдауды, қолдауды және командалық рухты сезінуді үйретеді.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі арқылы Семейде әр баланың қабілеті мен мүмкіндігіне қарамастан спортпен айналысып, ортақ ортада өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған кезекті маңызды қадам жасалды.

Әр балаға мүмкіндік: Семейде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Басты нәтиже – медаль немесе жеңіс қана емес, баланың өзіне деген сенімінің артуы, жаңа достар табуы және «менің де қолымнан келеді» деген сеніммен алға ұмтылуы.