Абай облысындағы ірі су қоймаларында 2,12 млрд текше метр су жинақталған. Бұл олардың жобалық көлемінің 89,2%-ын құрайды. Қолда бар су қоры биылғы суару маусымында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Бұл туралы ҚР Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы РММ басшысы Медет Жәдігерұлы мәлімдеді.
Биыл Абай облысы бойынша Ертіс өзені бассейніндегі тұрақты суару мақсаттарына арналған су пайдалану лимиті 170 млн текше метр көлемінде бекітілген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, суармалы жерлердің көлемі 15 314 гектарды құрап, су алу көлемі 67,2 млн текше метрге жеткен.
«Бүгінде облыстағы ірі су қоймаларында 2,12 млрд текше метр су жинақталған, бұл олардың жобалық көлемінің 89,2%-ына тең. Шүлбі су қоймасында 2,1 млрд текше метр немесе жобалық көлемнің 91,4%-ы, Шар су қоймасында 20 млн текше метр немесе 25,5%-ы бар. Қолда бар су қоры биылғы суару маусымындағы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жеткілікті», – деді Медет Жәдігерұлы.
Сонымен қатар су ағынының қалыптасуына қатысты жағдай тұрақты бақылауда. Инспекция гидрологиялық ахуалды, су келімінің болжамын және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін реттеп отырады.
«Мұндай режим гидрологиялық жағдайдың өзгерістеріне жедел ден қоюға және тұтынушыларға судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге тамыз айында Шүлбі су қоймасына келетін бүйірлік ағындардың су мөлшері орта есеппен нормадан 63%-ға төмен болады деп күтілуде», – деп атап өтті спикер.
Су ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыз су алудың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген суды заңсыз сату мен сатып алудың алдын алуға бағытталған Жол картасы аясында мамандар су пайдалану лимиттерінің сақталуын күнделікті тексеріп, шартсыз және рұқсатсыз су алу фактілерін анықтауда.
Медет Жәдігерұлының айтуынша, 2026 жылдың өткен кезеңінде инспекция тарапынан бес тексеру жүргізілген. Нәтижесінде су заңнамасының бес бұзушылығы анықталып, жалпы сомасы 432 500 теңге болатын төрт әкімшілік айыппұл салынған. Тағы бір материал сотқа жолданған.
«Мамандар тұрғындардың өтініштеріне, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға және әлеуметтік желілердегі хабарламаларға да жедел ден қояды. Келіп түскен әрбір сигнал бойынша оқиға орнына шығу ұйымдастырылып, нәтижесінде тиісті шаралар қабылданады», – деді ол.
Сондай-ақ инспекция басшысы Ертіс өзеніндегі су жіберудің қазіргі көлеміне түсініктеме берді.
«Ертіс өзенінің арнасы Шүлбі су қоймасы арқылы реттеледі. Бүгінде екі ай бойы Шүлбі су қоймасынан секундына орта есеппен 700 текше метр су жіберілуде. Ертіс су қоймалары каскадын пайдалану қағидаларына сәйкес, жаз мезгіліндегі ең төменгі су шығыны секундына 650 текше метрді құрайды. Яғни қазіргі су шығыны белгіленген ең төменгі деңгейден сәл жоғары. Бұл көлем экологияның, экономика салаларының және кеме қатынасының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады Медет Жәдігерұлы.





