Жазушы Дулат Исабеков дүниеден озды

Жазушы Дулат Исабеков дүниеден озды

Белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков өмірден өтті. Бұл туралы ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook-тегі парақшасында жазды,-деп хабарлайды  abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

— Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, 10-15 минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын… Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды Қасымхан Бегманов. 

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылымизерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.

Фото: Ашық дереккөз


#жазушы